Қала тұрғындарының тұрмыс жағдайы: Алматы мен қала маңы қалай жаңарып жатыр

1023
Ринат Сафин Редактор
Фотосурет: UKIMET

Алматыда ірі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Жолдарды кеңейту, медициналық нысандарды жаңарту және коммуналдық желілер салу қала мен оның маңындағы тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған. Үкіметтің ресми хабарламасында Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевтың осы жобалардың орындалу барысымен танысқаны айтылған, деп хабарлайды DKNews.kz.

Жобаларға Ұлттық қордан қаражат бөлінуде. Биыл қарастырылған 1,5 трлн теңгенің шамамен 60–70%-ы денсаулық сақтау саласына бағытталған.

Алматы – Бішкек жолының жеті шақырымы сегіз жолаққа кеңейтіледі

Сапар барысында Нұрлыбек Нәлібаев Алматы – Бішкек автожолының жеті шақырымдық бөлігін қайта жаңғырту жобасын қарады.

Мұнда жол төрт жолақтан сегіз жолаққа дейін кеңейтіледі. Сондай-ақ екі жолайырық пен тоғыз жерүсті жаяу жүргінші өткелін салу көзделген. Жоба Алматы мен қала маңы арасындағы негізгі бағыттардың бірінің өткізу қабілетін арттыруға мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, Р-17 Алматы – Талғар – Бәйдібек би автожолының сегіз шақырымдық учаскесін төрт жолаққа дейін кеңейту жоспарланған.

Қаладан шығатын қосымша бағыттар Саин көшесі мен Абай даңғылын Үлкен Алматы айналма автомобиль жолына дейін ұзарту арқылы қалыптасады:

  • Саин көшесінің жаңа учаскесі 6,6 шақырым болады. Жолмен бірге инженерлік коммуникациялар және теміржол үстінен өтетін жол өткелі салынады.
  • Абай даңғылы 3,4 шақырымға ұзартылады. Жоба Ақсай өзені арқылы көпір мен ҮАААЖ үстінен жол өткелін салуды қамтиды.

Бұл жобалар Алматының Қарасай ауданымен көлік байланысын жақсартады.

Батыс кәріз коллекторы 200 мың тұрғынды қамтиды

Алматы агломерациясы үшін маңызды жобалардың бірі — батыс кәріз коллекторы.

Негізгі учаскенің ұзындығы 35 шақырымды құрайды. Қазір оның 17,9 шақырымында құбыр тартылған.

Құрылыс аяқталғаннан кейін Алматының Наурызбай және Алатау аудандарының, сондай-ақ Алматы облысының іргелес аумақтарының шамамен 200 мың тұрғыны орталықтандырылған су бұру жүйесіне қосылу мүмкіндігіне ие болады.

Коллектор қала шегіндегі ғана емес, оған жақын елді мекендердің де коммуналдық қажеттіліктерін қамтамасыз етуге арналған.

Қалқамандағы аурухана 900 орындық болады

№7 қалалық клиникалық аурухананы жаңарту жобасы корпустар мен инженерлік жүйелерді жөндеуді, құрылымдарды күшейтуді және заманауи медициналық жабдықтармен жарақтандыруды қамтиды.

Қалқаман шағын ауданындағы аурухананың сыйымдылығы жаңартудан кейін 900 орынға жетеді.

Нұрлыбек Нәлібаевтың айтуынша, республикалық бюджет қаражаты мен алдағы жылға жоспарланған қаржыландыруды ескергенде, Алматының денсаулық сақтау саласына 196 млрд теңге қарастырылған.

«Мемлекет басшысы қаражаттың 60–70%-ын дәл осы денсаулық сақтау нысандарын салуға бөлуді тапсырды, өйткені халыққа бірінші кезекте заманауи медициналық инфрақұрылым қажет. Енді осы қаражатты игеріп, барлық жұмысты дер кезінде аяқтап, нысандарды халық игілігіне беру керек. Бұл – Үкімет басшысының да бақылауындағы аса маңызды жобалар», — деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Сапар барысында бірінші вице-премьер Сейфуллин көшесіндегі 155 орындық №1 қалалық перзентхана мен Әйтеке би көшесіндегі бір ауысымда 500 келушіні қабылдауға есептелген емханаға да барды.

Әуежайдағы бұрын берілген тапсырмалар тексерілді

Алматы халықаралық әуежайында терминал мен ұшу-қону инфрақұрылымын жаңғырту жоспарланған. Сонымен бірге жаңа рульдеу жолағын, жүк перронын салу және сервистік нысандарды дамыту көзделген.

Нұрлыбек Нәлібаев мамыр айындағы сапарында Алматы әкімімен бірге әуежайдағы жұмыс сапасы мен талаптарға сәйкес келмейтін тұстарды сынап, мердігерге нақты міндеттер жүктеген болатын. Бұл жолы сол тапсырмалардың орындалуына ерекше назар аударылды.

Іске асырылып жатқан жобалардың бір бөлігі бүкіл агломерацияға қызмет көрсетеді. Сондықтан олардың нәтижесі қала тұрғындары үшін де, Алматыға қатынап жұмыс істейтін немесе медициналық көмек алуға келетін азаматтар үшін де маңызды.

Осыған дейін біз Алматы тұрғындарының жолдарды, кәріз және электр желілерін жөндеуге қатысты көтерген мәселелері туралы жазған едік.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -