Қазақстанда қандай отбасылар ауқатты деп есептелетіні түсіндірілді

637
Ринат Сафин Редактор
Фотосурет: Gov

Қазақстанда ауқатты отбасылар бірнеше көрсеткіш бойынша анықталады. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Отбасының цифрлық картасындағы А және В санаттарына қатысты түсіндірме берді. Бағалау кезінде табыс қана емес, жылжымайтын мүлік, көлік, бизнес және басқа да активтер ескеріледі, деп хабарлайды DKNews.kz.

Бұл мәселе 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап жекелеген мемлекеттік жәрдемақыларды тағайындауда мұқтаждық қағидаты қолданылатынына байланысты өзекті болып отыр. Жаңа тәсіл мемлекеттік көмекті отбасының нақты әлеуметтік және материалдық жағдайына қарай бағыттауды көздейді.

А және В санаттарына қандай отбасылар кіреді?

Отбасының цифрлық картасында А және В санаттары әл-ауқаты жоғары және ауқатты отбасыларды сипаттайды. Оларды анықтау үшін бірнеше қаржылық және мүліктік көрсеткіш бірге қаралады.

Министрлік түсіндірмесіне сәйкес, бағалау кезінде мынадай белгілер ескеріледі:

  • Отбасының әр мүшесіне шаққандағы қаржылық қамтамасыз етілу деңгейінің күнкөріс минимумының 7 мөлшерінен басталуы.
  • Бір адамға шаққанда ауданы 120 шартты шаршы метрден басталатын бірнеше тұрғын үйдің болуы.
  • Люкс санатындағы автокөліктердің болуы.
  • Коммерциялық жылжымайтын мүлікке иелік ету.
  • Ірі, орта немесе шағын бизнестің болуы.
  • Ауқымды жер учаскелерінің болуы.

Алайда бұл көрсеткіштердің кез келген біреуіне сәйкес келу отбасының автоматты түрде А немесе В санатына енгізілетінін білдірмейді. Түпкілікті шешім барлық мәліметті кешенді бағалау негізінде қабылданады.

Пәтері немесе көлігі бар отбасы автоматты түрде ауқатты саналмайды

Министрлік ерекше назар аударған мәселенің бірі – жеке мүліктің болуы мен отбасының нақты әл-ауқаты арасындағы айырмашылық.

Бір пәтердің, автокөліктің немесе басқа мүліктің болуы отбасын ауқатты деп тануға өздігінен негіз болмайды. Бағалау кезінде отбасының қаржылық мүмкіндіктері, әлеуметтік тұрақтылығы және міндеттемелері қатар қарастырылады.

Мәселен, мемлекеттік ақпараттық жүйелер арқылы отбасы мүшелерінің жұмыспен қамтылуы, тұрғын үй жағдайы, кредиттік міндеттемелері және өзге де әлеуметтік-экономикалық деректері есепке алынады.

Отбасының жағдайы қалай тексеріледі?

Отбасының цифрлық картасы мемлекеттік ақпараттық жүйелерде жинақталған мәліметтерге сүйенеді. Бұл отбасының әлеуметтік жағдайын бірнеше дереккөз арқылы бағалауға мүмкіндік береді.

Жүйеде мынадай ақпараттар ескеріледі:

  • Отбасының қаржылық жағдайы және жұмыспен қамтылуы.
  • Тұрғын үйі мен басқа да жылжымайтын мүлкі.
  • Көлік құралдары және кредиттік міндеттемелері.
  • Кәсіпкерлік қызметі мен жер учаскелері.
  • Жеке қосалқы шаруашылығы және әлеуметтік жағдайына қатысты өзге деректер.

Маңыздысы, отбасының санаты біржола бекітілмейді. Егер табысы, отбасы құрамы, мүліктік жағдайы немесе өмірлік жағдайлары өзгерсе, жаңартылған мемлекеттік деректер негізінде бағалау қайта қаралуы мүмкін.

2027 жылдан бастап жәрдемақы тағайындауда не өзгереді?

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда жекелеген мемлекеттік жәрдемақыларды тағайындау кезінде мұқтаждық қағидаты қолданылады.

Бұл барлық әлеуметтік төлемдер бірдей жаңа тәртіпке көшеді деген сөз емес. Өзгерістер тек заңнамада белгіленген мемлекеттік қолдау түрлеріне қатысты болады және қолданыста көзделген ерекшеліктер ескеріледі.

Жаңа тәсілдің негізгі мақсаты – отбасылардың әл-ауқатын дәлірек анықтау және мемлекеттік көмекті нақты мұқтаж азаматтарға бағыттау.

Отбасы туралы мәлімет қате болса, не істеу керек?

Азаматтар өздері және отбасы туралы қолжетімді ақпаратты электрондық үкімет сервистері арқылы тексере алады.

Егер деректерде қате анықталса, ақпаратты жаңарту тиісті уәкілетті мемлекеттік органдар арқылы жүргізіледі. Бұл маңызды, өйткені отбасының әлеуметтік санаты мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі мәліметтер негізінде есептеледі.

Осылайша, Отбасының цифрлық картасындағы А және В санаттары тек табысқа немесе жеке мүлікке қарап анықталмайды. Мемлекет отбасының қаржылық жағдайын, активтерін, міндеттемелерін және әлеуметтік тұрақтылығын кешенді түрде бағалайды.

Бұған дейін біз 2027 жылдан бастап Қазақстанда жәрдемақы тағайындау тәртібі қалай өзгеретіні туралы жазған едік. Жаңа жүйеде отбасының әл-ауқаты мен нақты мұқтаждығын бағалау мемлекеттік қолдауды бөлудің маңызды өлшеміне айналады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -