Қазақстан мен IOSCO кездесуінде инвесторлардың құқықтарын қорғау мәселесі талқыланды

763
Фотосурет: press@finreg.kz

Қазақстан капитал нарығын реформалауға дайындалып жатыр. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова IOSCO бас хатшысы Родриго Буэнавентурамен кездесіп, жоспарланған өзгерістерді талқылады, деп хабарлайды агенттік.

Кездесу Таиландтың Бангкок қаласында Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банк тобының жыл сайынғы кездесулері аясында өтті. Келіссөздердің басты тақырыптары нарық инфрақұрылымын жетілдіру, ашықтықты арттыру және инвесторлардың құқықтарын қорғау болды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Капитал нарығына арналған жаңа бағдарлама

Тараптар Қазақстанның капитал нарығын дамыту перспективаларын, заңнаманы жетілдіруді және халықаралық реттеу стандарттарын енгізу жөніндегі ынтымақтастықты талқылады. Кездесу барысында отандық қор нарығын дамытудың негізгі нәтижелері мен алдағы жылдарға арналған басым міндеттер таныстырылды.

2026–2030 жылдарға арналған Капитал нарығын дамыту бағдарламасының жобасына және «Капитал нарығы туралы» жаңа заң жобасына ерекше назар аударылды. Бұл құжаттарда нарық инфрақұрылымын жетілдіру, оның ашықтығын арттыру және инвесторлардың құқықтарын қорғауды күшейту көзделген.

Токендендірілген құралдарды қалай реттемек?

Кездесуде цифрлық қаржы активтерін, оның ішінде токендендірілген құралдарды реттеу тәсілдері де қарастырылды. Негізгі қағидат — қолданылатын технологияға қарамастан, қызмет түрлері мен тәуекелдері ұқсас салаларға бірыңғай тәсіл қолдану.

Бұл ұстаным реттеу талаптарын технологияның ерекшелігіне ғана емес, қызметтің сипаты мен тәуекелдеріне қарай белгілеуді көздейді.

Халықаралық стандарттар мен инвесторлар сенімі

Тараптар Бағалы қағаздар жөніндегі комиссиялардың халықаралық ұйымымен (IOSCO) ынтымақтастықты жалғастырып, тәжірибе алмасудың маңызын атап өтті. Бұл жұмыс реттеу мен қадағалау жүйесін жетілдіруге, инвесторлардың сенімін арттыруға және Қазақстанның капитал нарығын орнықты дамытуға бағытталған.

Бұған дейін біз Қазақстанның қор нарығын жаңғыртуға арналған 35 бастама туралы жазған едік. Олар Капитал нарығын дамытудың 2026–2030 жылдарға арналған бағдарламасының жобасына енгізілген.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -