Алматыда ішкі аурулар мамандарының халықаралық конгресі өтті. «Мүмкіндіктер интеграциясы: терапиядан хирургияға дейін» атты жиынға Қазақстан мен шетелден келген дәрігерлер қатысып, ауруларды ерте анықтау, емдеу және медициналық мамандар арасындағы ынтымақтастықты күшейту мәселелерін талқылады. Бұл туралы Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Конгрестің басты тақырыбы – бірнеше созылмалы ауруы қатар кездесетін пациенттерге кешенді медициналық көмек көрсету. Мамандар мұндай жағдайда жеке ауруды емдеумен шектелмей, науқастың жалпы денсаулық жағдайын ескеру қажет екенін атап өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Қазақстанда 558 мыңнан астам адам қант диабетімен есепте тұр
Созылмалы аурулардың таралуы денсаулық сақтау жүйесі үшін өзекті мәселе болып отыр. Қазақстанда 2025 жылы қант диабетімен ауыратын 558 мыңнан астам пациент диспансерлік есепте тұрған. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, олардың 95%-ында 2 типті қант диабеті анықталған.
Бұл ауру көбіне жүрек-қан тамырлары жүйесіндегі бұзылыстармен, артық салмақпен және басқа да созылмалы патологиялармен қатар жүреді. Сондықтан конгресте эндокринологтар, кардиологтар және өзге де мамандардың бірлескен жұмысына ерекше көңіл бөлінді.

Әлемде 1,4 миллиард адам қан қысымының жоғарылауынан зардап шегеді
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сәйкес, 2023 жылы жүректің ишемиялық ауруы әлемде шамамен 9,5 миллион адамның өліміне себеп болған.
Ал 2024 жылы 30–79 жас аралығындағы шамамен 1,4 миллиард ересек адам артериялық гипертензиямен өмір сүрген. Олардың тек 23%-ы ғана қан қысымын бақылауда ұстай алған.
Халықаралық диабет федерациясының мәліметінше, 2024 жылы әлемде қант диабетімен ауыратын ересектер саны 589 миллионға жеткен.
Бұл көрсеткіштер жүрек-қан тамырлары, эндокриндік және басқа да созылмалы ауруларды ерте анықтау мен асқынулардың алдын алудың маңызын көрсетеді.
Жасанды интеллект пен жаңа технологиялар медицинаға не береді?
Конгрестің ашылуында Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрағасы Рүстем Төлеутаев медицинадағы ғылыми жаңалықтар мен цифрлық технологиялардың рөліне тоқталды.
«Мемлекет басшысының «Жаңа тарихи циклдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында заманауи прогрестің негізгі қозғаушы күші ретінде білімнің, ғылымның, инновацияның және жасанды интеллекттің рөліне ерекше назар аударылды. Заманауи диагностикалық технологиялар, цифрлық шешімдер, іргелі және қолданбалы ғылымның жетістіктері ауруларды ерте анықтау, емдеу және алдын алу әдістерін жетілдіру, медициналық көмектің сапасы мен тиімділігін арттыру үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. КВБ ҒЗИ үшін бұл бағыттар ғылыми және практикалық қызметте маңызды бағдарлар болып табылады. Біз отандық денсаулық сақтаудың болашағы ғылымның, білім мен клиникалық практиканың тығыз интеграциясына, сондай-ақ медицина мамандарының озық технологияларды игеруге және пациенттердің игілігі үшін инновациялық шешімдерді енгізуге дайындығына байланысты екеніне сенімдіміз».
Оның айтуынша, ғылым, медициналық білім және күнделікті клиникалық тәжірибе арасындағы байланысты нығайту денсаулық сақтау саласының дамуы үшін маңызды.
Кардиологиядан хирургияға дейін: дәрігерлер нені талқылады?
Халықаралық конгрестің ғылыми бағдарламасы медицинаның алты негізгі бағытын қамтыды:
- Кардиология – жедел коронарлық синдром, артериялық гипертензия және жүрек-қан тамырлары асқынуларының алдын алу.
- Эндокринология – 2 типті қант диабеті, семіздік және дәрі-дәрмекпен емдеу тәсілдері.
- Ревматология – жүйелі иммундық-қабыну аурулары және олардың ішкі ағзаларға әсері.
- Пульмонология – созылмалы тыныс алу жүйесі аурулары және оларды емдеу қауіпсіздігі.
- Гастроэнтерология – ас қорыту жүйесі ауруларын диагностикалау және емдеу.
- Гепатология – бауырдың метаболикалық және қабыну ауруларын анықтау мен емдеу.
Дәрігерлер бірнеше ауруы қатар кездесетін пациенттерді емдеу кезінде дұрыс диагноз қою, дәрілік препараттардың қауіпсіздігін бағалау және емдеу тактикасын бірлесіп таңдау мәселелерін қарастырды.
Сонымен қатар дәрі-дәрмекпен, эндоскопиялық және хирургиялық жолмен емдеуді үйлестіру мүмкіндіктері талқыланды.

Бірнеше ауруы бар пациенттерді емдеу неге күрделі?
Жүрек-қан тамырлары, эндокриндік, ревматологиялық, тыныс алу және ас қорыту жүйесінің аурулары бір пациентте қатар кездесуі мүмкін. Мұндай жағдайда бір ауруға тағайындалған ем екінші аурудың ағымына әсер етуі ықтимал.
Сондықтан пациентті бақылау мен емдеу барысында әртүрлі бейіндегі дәрігерлердің өзара байланысы маңызды. Конгресте дәл осы пәнаралық тәсілді жетілдіруге басымдық берілді.
Бағдарлама аясында пленарлық баяндамалар, тақырыптық секциялар, нақты клиникалық жағдайларды талдау және заманауи клиникалық ұсынымдарды қолдану жөніндегі пікірталастар ұйымдастырылды.
Алматыдағы халықаралық жиын дәрігерлерге тәжірибе алмасуға, диагностикалау мен емдеудің жаңа тәсілдерін талқылауға және медициналық көмектің әртүрлі кезеңдеріндегі өзара іс-қимылды жетілдіру жолдарын қарастыруға мүмкіндік берді.
Бұған дейін біз Алматыдағы Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтында дәрігерлерді күрделі клиникалық жағдайларға дайындайтын Симуляциялық орталық ашылғаны туралы жазған едік. Жаңа орталықта мамандар реанимация жасау, шұғыл шешім қабылдау және командамен жұмыс істеу дағдыларын жетілдіреді.

