Қазақстанда дәрі-дәрмекке бақылау күшейеді. Үкімет дәрілік препараттардың науқастарға нақты жеткізілуін қадағалауды, жеткізілімдегі іркілістерді болдырмауды және тегін берілуге тиіс дәрілердің заңсыз сатылуына тосқауыл қоюды тапсырды.
Бұл мәселелер Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында қаралды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Үкіметтің ресми сайтында жарияланған ақпаратқа сәйкес, жаңа тапсырмалар дәрі қабылдайтын азаматтарға, медициналық ұйымдарға, дәрі жеткізушілерге және отандық фармацевтикалық кәсіпорындарға қатысты.

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап дәрі-дәрмекке бақылау күшейеді
Келер жылдың басынан бастап Қазақстанда дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар айналымын қадағалау өкілеттіктері кеңейеді. Денсаулық сақтау министрлігі жаңа талаптарды іске асыруға толық дайын болуы тиіс.
Ең алдымен, созылмалы аурулары бар науқастар мен ұзақ уақыт ем қабылдауды қажет ететін балаларды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге басымдық беріледі.
Үкімет әрбір пациент өзіне қандай дәрілер тегін берілетінін, оларды қайдан және қашан алуға болатынын, қиындық туындаса кімге жүгіну керектігін нақты білуі тиіс деп есептейді.
Дәріні басқа өндірушінің препаратымен алмастыру мәселесі де назардан тыс қалмайды. Мұндай жағдайда медициналық ұйымдар науқасқа ауыстырудың себебін және жаңа препаратты қолдану ерекшеліктерін түсінікті тілмен жеткізуге міндетті.
Дәрілердің 80%-дан астамы «Әлеуметтік әмиян» арқылы беріледі
Қазақстанда дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді цифрлық бақылау одан әрі күшейтілмек.
Қазір дәрі беру операцияларының 80%-дан астамы «Әлеуметтік әмиян» сервисі арқылы жүргізіледі. Алайда Үкімет үшін дәрінің электрондық жүйеде берілді деп тіркелуі жеткіліксіз. Оның пациенттің қолына нақты тигені де расталуы қажет.
Осы мақсатта электрондық рецепттер мен дәрілік заттарды міндетті таңбалау жүйесі кеңінен пайдаланылады.
Қазақстанда 2024 жылдан бері енгізіліп келе жатқан таңбалау жүйесі препараттардың қозғалысын бақылауға, қоймалардағы қалдықтарды тексеруге және заң бұзушылықтарды анықтауға мүмкіндік береді.
Денсаулық сақтау министрлігіне тегін берілуге арналған дәрілердің заңсыз сатылуына жол бермеу тапсырылды.
Сонымен қатар дәрілік заттардың шекті бағаларының сақталуына бақылау күшейеді. Ведомство бағаны негізсіз көтеру жағдайларын анықтап, тиісті шаралар қабылдауы тиіс.
Жаңа талаптар дәрінің қоймаға түскен сәтінен бастап нақты пациентке берілгенге дейінгі бүкіл қозғалысын бақылауды көздейді. Дегенмен жүйенің тиімділігі электрондық деректердің дәрі беру барысындағы нақты жағдайға қаншалықты сәйкес келетініне байланысты болмақ.
2027 жылдың қаңтарында қажетті дәрілер толық жеткізілуі тиіс
Олжас Бектенов дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алу рәсімдерін 2026 жылдың соңына дейін аяқтауды тапсырды.
2027 жылдың қаңтарында ауруханаларда, емханаларда және дәріханаларда барлық қажетті препараттар болуы тиіс. Өмірлік маңызы бар дәрілерге ерекше бақылау орнатылады.
Емдеу процесі үзілмеуі үшін Денсаулық сақтау министрлігі мен бірыңғай дистрибьютор «СҚ-Фармация» дәрі тапшылығының қаупін алдын ала анықтап, қажет болған жағдайда препараттарды медициналық ұйымдар арасында жедел қайта бөлуі керек.
Бұл әсіресе дәріні күн сайын немесе тұрақты түрде қабылдайтын азаматтар үшін өзекті.
Өйткені ел бойынша қажетті препарат жеткілікті болған күннің өзінде оның белгілі бір емханада болмауы науқастың ем қабылдау кестесін бұзуы мүмкін.
Қазақстанда тағы 500-ге жуық дәрі түрін шығару жоспарланған
Үкімет импортқа тәуелділікті азайту үшін отандық фармацевтикалық өндірісті дамытуға басымдық беріп отыр.
Алдағы уақытта елімізде тағы 500-ге жуық дәрілік зат түрін өндіру және 1,2 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын ашу көзделген.
Алайда мәселе дәрі түрлерін көбейтумен ғана шектелмейді.
Премьер-министр импортталған өнімді жай ғана қаптап, таңбалаудан бас тартып, Қазақстанда дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарды толық өндірістік цикл бойынша шығаруға көшуді талап етті.
«Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында атап өткендей, өнімді терең өңдеуді көздейтін жобаларға басымдық беру қажет. Сондықтан дәрілік препараттар мен медициналық бұйымдарды жай ғана қаптау мен ораудан бас тартып, толық циклді өндіріске көшу стратегиялық міндетке айналуы тиіс. Инвестициялық келісімдер жасасу және фармацевтикалық жобаларға жер телімдерін бөлу – жұмыстың бастапқы кезеңі ғана. Енді оларды іс жүзінде жүзеге асыруға, жаңа өндірістер ашып, қолданыстағыларын кеңейтуге белсенді кірісу керек. Алда тағы 500-ге жуық дәрілік зат түрін шығару және 1,2 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын құру міндеті тұр. Елімізде өндірілетін дәрілердің түрін көбейту, сыртқы жеткізілімдерге тәуелділікті азайту бағытындағы жұмысты тұрақты жалғастыру қажет. Сонымен қатар оңтайлы баға қалыптастыру да аса маңызды», – деді Олжас Бектенов.
Фармацевтикалық кәсіпорындар үшін бұл инвестициялық міндеттемелердің орындалуына бақылау күшейетінін білдіреді.
Денсаулық сақтау министрлігі инвестициялардың уақытылы салынуын, өндірістік қуаттардың іске қосылуын және келісімдерде көрсетілген дәрілер мен медициналық бұйымдардың шығарылуын қадағалайды.
Ал әкімдіктер инвесторларға жер және инфрақұрылым мәселелерін шешуге көмектесіп, жобалардың белгіленген мерзімде орындалуын бақылауы тиіс.
112 жаңа дәріні тіркеу рәсімі жеделдетіледі
Қазақстандықтардың жаңа дәрілік препараттарға қолжетімділігін арттыру да Үкіметтің назарында.
Қазір дамыған елдерде сертификатталған 112 жаңа дәріні жеделдетілген тәртіппен тіркеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Денсаулық сақтау министрлігі мен «СҚ-Фармацияға» пациенттердің қажеттіліктерін ескере отырып, осы жұмысты жеделдету тапсырылды. Бұл ретте дәрілік заттардың қауіпсіздігіне қойылатын талаптар толық сақталуы керек.
Дегенмен жеделдетілген тіркеу аталған 112 препараттың барлығы дәріханаларға жеткізілді немесе тегін дәрілер тізіміне енгізілді дегенді білдірмейді. Әзірге олардың тіркеу рәсімдері туралы сөз болып отыр.
Бұдан бөлек, Үкімет дәрілік заттардың сапасы мен қауіпсіздігін реттейтін ұлттық жүйені дамыту үшін зертханалық кешен құру мәселесін тезірек шешуді тапсырды.
38 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалған сатып алу жүйесі жаңарады
2026 жылы бірыңғай дистрибьютор 38 млрд теңгеден астам сомаға медициналық бұйымдар сатып алған.
Енді Үкімет бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету үшін сатып алу тәсілін өзгертуді талап етіп отыр.
Желтоқсан айында медициналық бұйымдарды сатып алудың жаңа моделі іске қосылуы тиіс.
Жаңа жүйеде өнімдердің бірыңғай дерекқоры жасалып, техникалық сипаттамалар біріздендіріледі және референттік баға белгілеу тетігі енгізіледі.
Бұл медициналық бұйымдардың бағасын олардың техникалық сипаттамалары мен жиынтықталуын ескере отырып салыстыруға мүмкіндік береді.
Сонымен бірге Премьер-министр бюджет қаражатын үнемдеу емдеу сапасына кері әсер етпеуі тиіс екенін ескертті.
Өңір әкімдіктеріне де нақты тапсырма берілді. Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен тізімге енгізілген дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды өңірлер тек «СҚ-Фармация» арқылы сатып алуы қажет.
Бұл тиісті мемлекеттік сатып алулардың бірыңғай дистрибьютор арқылы жүргізілетінін білдіреді. Ал отандық өндірушілердің сатып алу рәсімдеріне қатысу мүмкіндігін кеңейту көзделген.
Дәрі сақтайтын қоймалар мен тасымалдаушы көліктер цифрлық бақылауға қосылады
2026 жылдың соңына дейін Қазақстанда дәрілік заттарды сақтау мен тасымалдау кезіндегі температуралық режимді бақылайтын бірыңғай цифрлық жүйені іске қосу тапсырылды.
Бұл жұмысқа Денсаулық сақтау министрлігі, өңір әкімдіктері және «Қазақтелеком» жауапты болады.
Жүйеге дәрі қоймалары, медициналық ұйымдар және тоңазытқыш қондырғылары бар көлік құралдары қосылады.
Мұндай бақылау белгілі бір температурада сақталуы тиіс препараттардың тасымалдау және сақтау талаптарына сай болуын қадағалауға бағытталған.
Сонымен қатар әкімдіктерге «СҚ-Фармацияның» дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сақтауға және таратуға арналған қоймаларын салу жобаларына қолдау көрсету тапсырылды.
Үкімет тапсырмаларының орындалуын кім бақылайды?
Барлық тапсырманың орындалуын үйлестіру Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевқа жүктелді.
Денсаулық сақтау министрлігі алдағы уақытта бірнеше міндетті қатар орындауы қажет. Олардың қатарында жаңа қадағалау өкілеттіктеріне дайындық, дәрі-дәрмек сатып алуды аяқтау, цифрлық мониторингті енгізу және пациенттерді препараттармен үздіксіз қамтамасыз ету бар.
Бұл жұмыстың алғашқы нақты нәтижесі 2027 жылдың қаңтарында байқалуы тиіс. Өйткені Үкімет тапсырмасына сәйкес, сол уақытқа дейін ауруханаларда, емханаларда және дәріханаларда барлық қажетті дәрілік заттар болуы керек.
Бұған дейін біз Қазақстанда дәрі-дәрмектерді цифрлық таңбалау фармацевтика нарығының ашықтығын қалай арттырып жатқанын және препараттардың қозғалысын бақылауда қандай тетіктер қолданылатынын жазған едік.