Жаһандық даму бастамасының ұсынылғанына 5 жыл толуына орай жазылды
Қазіргі уақытта халықаралық жағдай сан алуан өзгерістерге ұшырап, біржақтылық күшейіп, геосаяси қақтығыстар созылуда, Біріккен Ұлттар Ұйымының 2030 жылға дейінгі тұрақты даму күн тәртібін жүзеге асыру барысы айтарлықтай кешеуілдеп, жаһандық Оңтүстік елдері тап болған даму тығырығы айқын көріне түсуде.
Осыдан бес жыл бұрын Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинь жаһандық даму саласының негізгі түйінді мәселелерін тікелей көтере отырып, жаһандық даму ынтымақтастығының тығырықтан шығу бағытын айқындап берген Жаһандық даму бастамасын салтанатты түрде ұсынды. 5 жыл ішінде Жаһандық даму бастамасы әлемге ұсынылған идеялық тұжырымдамадан халықаралық қоғамдастықтың кең консенсусына және сындарлы ортақ әрекетке айналып үлгерді, ал Қазақстан мен Қытайдың қол ұстаса отырып іске асырған бірлескен жобалары да осы даму ағынының маңызды құрамдас бөлігі болып табылады.
I. Бес жылдық терең еңбек: Жаһандық даму бастамасы бірлескен дамудың халықаралық консенсусын қалыптастырды
Бес жыл ішінде Жаһандық даму бастамасы «дамуды бірінші орынға қою, халықты орталыққа қою, барлығына бірдей қолжетімді әрі инклюзивті болу, инновацияларға сүйену, табиғат пен адамның үйлесімді өмір сүруі, іс-әрекетке бағдарлану» атты алты негізгі қағидатты әрдайым берік ұстанып, ортақ түсінікті іс-әрекетке біртіндеп айналдырды және даму игілігінің көбірек қарапайым халыққа жетуін қамтамасыз етті.
Бүгінгі таңда Жаһандық даму бастамасын 130-дан астам ел мен халықаралық ұйым қолдап, оған қатысуда, 90-нан астам ел мен халықаралық құрылым Қытай тарапымен бастаманы жүзеге асыру жөніндегі ынтымақтастық құжаттарына қол қойды. «Жаһандық даму бастамасының достар тобы» мүшелерінің қатары тынымсыз кеңейіп келеді және ол қазіргі уақытта «Оңтүстік-Оңтүстік» ынтымақтастығы саласындағы ең ықпалды көпжақты диалог алаңдарының біріне айналды. Жаһандық даму жөніндегі жоғары деңгейдегі диалогта 32 прагматикалық ынтымақтастық шарасының жариялануынан бастап, Жаһандық ортақ даму іс-қимыл форумының тұрақты алмасу тетігін құруы, сондай-ақ Қытай – БҰҰ Бейбітшілік және даму қоры мен Жаһандық даму және «Оңтүстік-Оңтүстік» ынтымақтастығы қорының қаржы ресурстарын тұрақты түрде бөлуі саясатты үйлестіруді, қаржылық қолдауды және жобаларды жүзеге асыруды қамтитын толыққанды жұмыс жүйесінің біртіндеп қалыптасқанын көрсетеді. Бұл барлық қатысушы тараптар үшін тұрақты, ашық әрі айқын ынтымақтастық алаңын қамтамасыз етті.
II. Стратегиялық жетекшілік: Жаһандық даму бастамасы қазақ тарапының берік қолдауына ие болды
Соңғы жылдары Қытай мен Қазақстан басшыларының стратегиялық жетекшілігімен екі ел көпжақты алаңдарға сүйене отырып, даму бағытындағы ортақ көзқарасты қалыптастырды және бұл екі елдің даму саласындағы ынтымақтастығына қуатты серпін берді. Бастама көтерілгеннен бері Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жаһандық даму жөніндегі жоғары деңгейдегі диалогқа бейнеформатта қатысып, оның тұрақты даму идеясына жоғары баға берді. Өткен жылдың қыркүйек айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жаһандық даму бастамасының жоғары деңгейдегі отырысына қатысып, бұл бастаманың геосаяси және экономикалық сын-қатерлерге қарсы тұрудағы іс жүзінде қолдануға болатын маңызды халықаралық қоғамдық игілік екенін атап көрсетті. 2026 жылдың шілде айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Қытайдың Жаһандық даму бастамасын бірлесіп жүзеге асыратынын, Біріккен Ұлттар Ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы сияқты көпжақты аяларда ынтымақтастықты тереңдете түсетінін және цифрлық экономика, тұрақты даму сияқты басым бағыттардағы ортақ уағдаластықтарды нақты нәтижелерге айналдыруды жалғастыратынын тағы да атап өтті.
III. Батыс өңірге терең тамыр жаю: Жаһандық даму бастамасы Қазақстан мен Қытай ынтымақтастығының тұрақты дамуына түрткі болуда
Бес жыл ішінде Қазақстанның батыс өңірі Қытай-Қазақстан даму ынтымақтастығы үдерісіне үздіксіз кірігіп, өзара байланыс, энергетикалық ауысу, халықтың әл-ауқатын жақсарту және кадрлар даярлау салаларындағы ынтымақтастық жобаларының жүзеге асуына мұрындық болды. Өзара байланыс саласында батыс бес облыс Еуразиялық көлік дәлізінің маңызды түйінінде орналасқан және Қытай мен Қазақстанның Транскаспий көлік ынтымақтастығының негізгі тірек аймағы болып табылады. Тараптар Ақтау портының контейнерлік хабының бірінші кезеңін жаңғырту жұмыстарын аяқтап, Транскаспий халықаралық көлік бағытының өткізу қабілетін айтарлықтай арттырды.
Энергетика және жасыл энергетикаға көшу саласында батыс бес облыс тараптардың энергетикалық-экологиялық жаңғыртуды жүзеге асырудағы басым аймағы болып табылады. Ақтөбе облысының Хромтау ауданында «Sungrow Renewable Energy» (Sunshine Power) компаниясының инвестициясымен салынған 200 МВт жел электр станциясы жобасы – Қазақстан мен Қытайдың жасыл энергетика саласындағы маңызды іске асқан жобасы. Оның жылдық электр өндіру көлемі шамамен 600 миллион кВт/сағ болады деп күтілуде, бұл жыл сайын көмірқышқыл газының шығарындыларын шамамен 400 мың тоннаға азайтып, жергілікті өнеркәсіп саласының қазба отындарына тәуелділігін едәуір төмендетеді.
Халықтың әл-ауқатын жақсарту саласында Қарамай қаласының орталық ауруханасы Маңғыстау облысының 4 негізгі ауруханасымен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойып, бастапқы деңгейдегі ауылдық/қауымдастық медициналық көмек көрсету әлеуетін арттыруды негізгі бағыт етіп белгіледі. Бұл жергілікті тұрғындарға өз үйлеріне жақын жерде-ақ бастапқы медициналық-санитарлық көмек алуға мүмкіндік береді.
Гуманитарлық алмасу саласында Қазақстан мен Қытай тараптарының бірлесіп құрған Жұбанов университеті жанындағы Конфуций институты – Қазақстанның батыс өңіріндегі ең ірі оқу орны және ауқымы кең қамтитын қытай тілі мен гуманитарлық алмасу алаңы. Оның түлектерінің көпшілігі Қазақстан мен Қытайдың өнеркәсіптік ынтымақтастығын қолдайтын жоғары білікті маманға айналды. Сонымен қатар, Қытай тарапы консулдық округтегі қазақстандық мамандарды жасанды интеллект, трансшекаралық электронды коммерция, жасыл энергия және басқа да көптеген салалар бойынша қысқа мерзімді курстарға үнемі жіберіп тұрады.
Болашаққа көз тігіп, Қытай жауапты ірі держава ретіндегі рөлін жалғастыра отырып, халықты орталыққа қоятын даму тұжырымдамасын ұстанады. Қазақстан тарапымен бірлесіп, Жаһандық даму бастамасының мазмұнын тереңдетіп, тұрақты даму мақсаттарының жарқын көрінісін нақты өмірлік шындыққа айналдыруға, Қазақстанның батыс бес облысының тұрғындары Қытай-Қазақстан ынтымақтастығының игілігін көбірек көруіне күш салады.