117 млн теңге жымқырылған: аурухана жабдығынан қалай пайда тапқан

336
Мәдина Есенова Редактор
Фотосурет: Gov

Медициналық жабдық сатып алу қылмыстық іске ұласты. Түркістан облысында медициналық оттегімен қамтамасыз ету жүйесін сатып алуға бөлінген бюджет қаражатын жымқыру ісі бойынша аудандық аурухананың бұрынғы бас дәрігері 8 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Бұл туралы Қазақстанның Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) хабарлады. Мемлекетке келтірілген залал 117 млн теңгені құрады.

Реанимация жабдығының бағасын қалай көтерген?

Қылмыстық іс Қазығұрт аудандық орталық ауруханасына медициналық жабдық сатып алуға қатысты.

ҚМА мәліметінше, бұрынғы бас дәрігер кәсіпкермен бірлесіп, медициналық оттегімен қамтамасыз ету жүйесін сатып алуға бөлінген қаражатты жымқыру схемасын ұйымдастырған. Бұл жабдық жансақтау бөліміндегі науқастарға медициналық көмек көрсету үшін қажет болған.

Олар біртұтас медициналық кешенді жасанды түрде бірнеше тауарға бөліп, өздеріне бағынысты компаниялар арқылы жоғары бағамен сатып алуды рәсімдеген.

Алайда жабдықты іс жүзінде басқа ұйым жеткізіп, орнатқан.

Сатып алуды жасанды түрде бөлшектеу медициналық жабдықтың құнын негізсіз көтеруге мүмкіндік берген.

Астанадағы пәтер мен екі автокөлік тәркіленді

Тергеу барысында қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру деректері де анықталды. Ведомство мәліметінше, қаражаттың бір бөлігі жылжымайтын мүлік сатып алуға жұмсалып, ол туысының атына рәсімделген.

Сот үкімімен аурухананың бұрынғы бас дәрігері 8 жылға, кәсіпкер 7 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сонымен қатар Астанадағы пәтер мен екі автокөлік мемлекет кірісіне тәркіленді.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Бұған дейін біз Жаңаөзендегі медициналық жабдық сатып алуға қатысты 210 млн теңгеге екі арнайы кереует алу ісінің тергеліп жатқаны туралы жазған едік.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -