Қазақстанда интернет-трафик инвестициядан жылдам өсіп келеді. Еліміз мобильді интернет жылдамдығы бойынша әлемдегі үздік 50 мемлекеттің қатарына енді. Алайда байланыс операторлары алдында халық пен бизнестің деректерге деген сұранысын қанағаттандыру міндеті тұр, деп хабарлайды DKNews.kz.
Energyprom сараптамалық порталының дерегінше, Қазақстан төрт жылға жетпейтін уақыт ішінде Ookla Speedtest Global Index халықаралық рейтингінде 46 сатыға көтерілген. Осы кезеңде телекоммуникация инфрақұрылымына салынған инвестиция көлемі артып, 5G желісінің қамту аясы кеңейді, талшықты-оптикалық байланысқа көшу қарқын алды.
Қазақстан 95-орыннан 49-орынға көтерілді
2026 жылдың қазан айында Қазақстанда мобильді интернеттің медианалық жылдамдығы 96,17 Мбит/с-қа жетті. Ал 2022 жылдың желтоқсанында бұл көрсеткіш небәрі 21,29 Мбит/с болған.
Елеулі өсім 2025 жылы тіркелді. Бір жыл ішінде интернеттен деректерді жүктеу жылдамдығы 53,76 Мбит/с-тан 95,32 Мбит/с-қа дейін артты.
Байланыс операторлары жаңа буын желілерінің қамту аясын да кеңейтіп жатыр. Kcell мәліметінше, халықты 5G технологиясымен қамту көрсеткіші 64,3%-ға, ал 4G желісімен қамту деңгейі 92,7%-ға жеткен.
Tele2 және Altel бесінші буын желісін енгізе бастағаннан бері 3,1 мыңнан астам базалық станцияны іске қосып, 128 елді мекенді 5G байланысымен қамтыды.
Тұрақты интернет инфрақұрылымы да жаңарып келеді. «Қазақтелекомның» талшықты-оптикалық интернетке қосылған абоненттерінің үлесі 2024 жылғы 46%-дан 2026 жылдың қазанында 55%-ға дейін өсті.
Интернет-трафик инвестициядан жылдам өсіп жатыр
Интернет жылдамдығының артуымен қатар байланыс желілеріне түсетін жүктеме де күрт көбейді.
ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы елдегі интернет-трафик көлемі 58,9%-ға өсіп, 19,9 мың петабайтқа жеткен. Ведомство 2026 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 25,8 мың петабайтқа дейін ұлғаяды деп болжап отыр.
Екі жыл ішінде интернет-трафик көлемі 106,1%-ға артуы мүмкін. Ал ақпарат және байланыс саласына салынатын жылдық инвестиция көлемінің өсімі 40,2% деңгейінде болжанып отыр.
2025 жылы салаға салынған инвестиция 481,8 млрд теңгені құрады. Биыл бұл көрсеткіш 500 млрд теңгеге жетуі мүмкін.
Мұндай айырмашылық байланыс желілерінің өткізу қабілетіне қойылатын талапты күшейтеді. Операторларға жаңа базалық станциялар орнатумен қатар қолданыстағы жабдықтарға түсетін жүктемені тиімді бөлу қажет.
Мәселен, Beeline Қазақстан желіні дамытуға бағыттайтын жылдық инвестиция көлемін екі есеге жуық арттырып, 95 млрд теңгеге жеткізді. Компания Қазақстанда 20 жылдан астам уақыт ішінде инфрақұрылымға 4 млрд доллардан астам қаражат салған.
Жасанды интеллект байланыс ақауларын азайтуға көмектесуде
Желілерге түсетін жүктеменің артуына байланысты телекоммуникация компаниялары жасанды интеллект технологияларын белсенді қолдана бастады.
Kcell мәліметінше, интеллектуалды жүйелердің көмегімен 2026 жылдың үшінші тоқсанында желінің қолжетімсіз болған уақыты өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 33%-ға қысқарған.
Ал Tele2 және Altel жабдықтарды автоматты түрде баптау арқылы 204 қамту аймағындағы байланыс ақауларын жойды. Нәтижесінде абоненттердің техникалық мәселелерге қатысты шағымдары 11%-ға азайған.
Мұндай технологиялар операторларға қолданыстағы инфрақұрылымның тиімділігін арттырып, байланыс сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Үш мыңнан астам ауыл жоғары жылдамдықты интернетке қосылады
Қала мен ауыл арасындағы цифрлық алшақтықты азайтуға да қомақты қаражат бөлініп жатыр.
«Қазақтелеком» жалпы құны 239 млрд теңге болатын жобаны жүзеге асыруда. Оның аясында 1,2 млн-ға жуық адам тұратын үш мыңнан астам ауылды жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету көзделген.
2026 жылдың қараша айындағы жағдай бойынша жоба аясында:
- 1,2 мың елді мекен;
- 835 мектеп;
- 684 мемлекеттік мекеме интернетке қосылды.
Салынған магистральдық талшықты-оптикалық байланыс желілерінің ұзындығы 16,4 мың шақырымға жетті.
Ауыл тұрғындары үшін бұл онлайн білім беру платформаларының, мемлекеттік электрондық қызметтердің және басқа да цифрлық сервистердің қолжетімді бола түсуін білдіреді.
5G өнеркәсіп кәсіпорындарының өнімділігін арттыруда
Телекоммуникация инфрақұрылымының дамуы Қазақстанның өнеркәсіп саласына да экономикалық пайда әкеліп жатыр.
Жеке LTE және 5G желілері кәсіпорындарға өндірістік процестерді автоматтандыруға, техниканы нақты уақыт режимінде басқаруға және еңбек қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.
Kcell дерегінше, Қазақстанда жеке өнеркәсіптік LTE/5G желілерін енгізуге бағытталған 19 жоба жүзеге асырылуда.
Eurasian Resources Group (ERG) кәсіпорындарында цифрлық шешімдерді енгізу нәтижесінде тау-кен жабдықтарын пайдалану тиімділігі 10%-ға артқан. KAZ Minerals нысандарында өнімділік 10%-ға, ал Solidcore Resources кәсіпорындарында техниканы пайдалану тиімділігі 15%-ға өскен.
Деректерді сақтау және өңдеу инфрақұрылымына да инвестиция салынып жатыр. Freedom Cloud Holding компаниясының жеті деректерді өңдеу орталығы жұмыс істейді. Тағы үш нысанды салу және кеңейту жұмыстары жүргізілуде.
Бұл бағытқа салынатын инвестицияның жалпы көлемі 109 млрд теңгені құрайды.
Үкімет байланыс операторларына жаңа міндеттер жүктеді
2026 жылдың 24 қарашасында өткен Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов телекоммуникация инфрақұрылымын озық қарқынмен дамыту қажеттігін атап өтті.
2027 жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін салалық министрлікке мемлекеттік органдармен және байланыс операторларымен бірлесіп, жеке 5G желілерін енгізетін басым салалар мен кәсіпорындарды анықтау тапсырылды.
Сондай-ақ телекоммуникация саласына инвестиция тартуға кедергі келтіретін әкімшілік тосқауылдарды жою бойынша шаралар әзірленбек.
Алдағы үш ай ішінде стратегиялық маңызы бар байланыс желілерінің тұрақтылығына аудит жүргізіліп, базалық станцияларға түсетін жүктемені оңтайландыру үшін жасанды интеллект технологияларын кеңінен енгізу жоспары бекітілуі тиіс.
Интернет-трафик көлемі екі жыл ішінде екі еседен астам өседі деген болжам бар. Сондықтан Қазақстан экономикасын одан әрі цифрландыру үшін интернет жылдамдығымен қатар байланыс желілерінің тұрақтылығын қамтамасыз ету де шешуші мәнге ие.
Бұған дейін біз Олжас Бектеновтің Қазақстандағы интернет сапасын жақсарту жөніндегі тапсырмалары және байланыс пен IT саласына салынған инвестиция көлемінің өсуі туралы жазған едік.