Алматыда Виктор Изюмников 102 жасқа толды. Ұлы Отан соғысының ардагері Вена қаласын азат етуге қатысып, Жеңіс күнін Чехословакияда қарсы алған, деп хабарлайды DKNews.kz.
Алматы қаласының жергілікті әскери басқару органдарының әскери қызметшілері майдангерді туған күнімен құттықтап, Қазақстанның Қорғаныс министрінің құттықтау хатын табыстады. Ардагерге зор денсаулық, қажымас қайрат пен амандық тіледі.
Мектеп қабырғасынан майданға дейін
Виктор Карпович Изюмников 1924 жылғы 25 қарашада Орал облысы Зеленов ауданының Чернояров хуторында дүниеге келген. 1942 жылы орта мектепті аяқтаған соң әскерге шақырылды.
Болашақ майдангер Ленинградтан Оралға көшірілген әскери байланыс училищесіне оқуға түсті. 1943 жылдың маусымында бір топ курсантпен бірге Әуе-десант әскерлеріне жіберілді.
Жеңісті Чехословакияда қарсы алды
Изюмников 17-ші гвардиялық әуе-десант бригадасында әскери қызмет атқарды. Кейін бұл бригада 106-шы атқыштар дивизиясының 355-ші гвардиялық атқыштар полкі болып қайта құрылды.
Майдангер Венаны алуға, Чехословакияның Зноймо қаласын азат етуге қатысты. Жеңіс күнін де осы қалада қарсы алды. Соғыс аяқталғанда небәрі 20 жастағы Виктор Изюмников аға сержант шенінде радиостанция бастығы қызметін атқарған.
Майдан даласында көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін Виктор Изюмников II дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Жауынгерлік еңбегі үшін» медалімен және басқа да наградалармен марапатталды.
Жұбайымен 60 жыл отасқан
1947 жылы бейбіт өмірге оралған Виктор Карпович Орал ауыл шаруашылығы техникумын тәмамдап, кейін Мәскеудегі К. А. Тимирязев атындағы ауыл шаруашылығы академиясында білім алды.
Болашақ жары Валентина Точиленковамен де осы оқу орнында танысқан. Ерлі-зайыптылар 60 жыл бірге ғұмыр кешті.
Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 81 жыл өтті. Бүгінгі ұрпақ тарих оқулықтарынан оқып жүрген оқиғалардың тікелей куәгері Виктор Изюмников биыл 102 жасқа толып отыр.
Бұған дейін Оралда соғыс ардагері Вениамин Скаленконың 102 жасқа толғаны және жұбайымен 77 жыл бірге өмір сүргені туралы жазған болатынбыз.


