Қазақстанда палау әзірлеу көрші елдерге қарағанда арзанға түседі. 2026 жылдың қазан айында елімізде палауға қажетті азық-түлік жиынтығының бағасы Қырғызстан мен Өзбекстаннан төмен болып, бір жылдағы қымбаттау қарқыны да баяу қалыптасты, деп хабарлайды DKNews.kz.
Finprom.kz сарапшылары Орталық Азияның үш елінің ресми статистикасын салыстырды. Нәтижесінде Қазақстанда палау әзірлеуге қажетті азық-түлік жиынтығының орташа құны 3 728 теңгені құрағаны анықталды. Бұған негізінен сиыр еті мен күріш бағасының көрші елдерге қарағанда төмен болуы ықпал етті.
Орталық Азияда палау әзірлеу қанша тұрады?
Өзбекстанда ай сайын арнайы «палау индексі» есептеледі. Сарапшылар осы әдістемені Қазақстан мен Қырғызстанға да қолданып, есепке азық-түліктің алты түрін енгізді: күріш, сиыр еті, сәбіз, күнбағыс майы, пияз және тұз.
2026 жылдың қазан айында аталған азық-түлік жиынтығының құны:
- Қазақстанда — 3 728 теңге;
- Қырғызстанда — 4 383 теңге;
- Өзбекстанда — 4 570 теңге.
Қазақстан валютасына шаққанда Қырғызстандағы азық-түлік жиынтығы еліміздегіден 17,6%-ға, ал Өзбекстандағы жиынтық 22,6%-ға қымбат болып шықты.
Үш елдің астаналары арасында да ең төмен баға Астанада тіркелді. Елорда тұрғындары палауға қажетті өнімдерді 3 676 теңгеге сатып ала алады. Бішкекте дәл осындай азық-түлік жиынтығы 4 487 теңге, Ташкентте 4 934 теңге тұрады.
Шығынның 70%-ға жуығы етке жұмсалады
Үш елде де палау әзірлеуге кететін шығынның басым бөлігі сиыр етіне тиесілі. Оның үлесі азық-түлік жиынтығының жалпы құнының шамамен 70%-ын құрайды.
Қазан айында сүйекті сиыр етінің бір келісі Қазақстанда орта есеппен 3 811 теңге, Қырғызстанда 4 312 теңге, Өзбекстанда 4 639 теңге болған.
Күріш бағасындағы айырмашылық одан да айқын. Қазақстанда оның бір келісі 541 теңге тұрса, Қырғызстанда 735 теңгеге, Өзбекстанда 782 теңгеге жеткен. Дегенмен үш елдің статистика органдары күріштің әртүрлі сұрыптарының бағасын есепке алады.
Күнбағыс майының бағасында айтарлықтай айырмашылық жоқ. Үш елде де оның бір литрі шамамен 900 теңге тұрады. Ал көкөністер ең қымбат ел Қырғызстан болды.
Күріштің арзандауы Қазақстанда палау бағасын тежеді
Бір жыл ішінде Қазақстанда палауға қажетті азық-түлік жиынтығының құны 5,3%-ға өсті. Өзбекстанда бұл көрсеткіш 11,6%-ға, Қырғызстанда 12%-ға жетті. Салыстыру валюта бағамының өзгерісін есепке алмай, әр елдің ұлттық валютасы негізінде жүргізілді.
Сиыр еті үш елде де қымбаттағанымен, Қазақстанда бағаның өсу қарқыны төмен болды:
- Қазақстанда — 9,3%;
- Өзбекстанда — 15,8%;
- Қырғызстанда — 19,9%.
Елімізде күріштің бір жылда 13,3%-ға арзандауы ет бағасының өсуінен туындаған қосымша шығынды ішінара өтеді. Алайда осы кезеңде сәбіз 14,3%-ға, күнбағыс майы 6,8%-ға қымбаттады.
Алматыда палау 15,9%-ға қымбаттаса, Ақтауда арзандаған
Қазақстан қалалары арасында да баға айырмашылығы айтарлықтай. Палау әзірлеу ең қымбат және ең арзан қалалардағы азық-түлік жиынтығының құны 761 теңгеге ерекшеленеді.
Палау әзірлеу ең қымбат қалалар:
- Өскемен — 4 113 теңге;
- Алматы — 3 938 теңге;
- Шымкент — 3 901 теңге.
Палау әзірлеу ең арзан қалалар:
- Түркістан — 3 352 теңге;
- Қызылорда — 3 471 теңге;
- Көкшетау — 3 476 теңге.
Бір жыл ішінде палауға қажетті өнімдер Алматыда (15,9%), Атырауда (13%) және Талдықорғанда (12,7%) айтарлықтай қымбаттаған. Осы үш қалада да сиыр етінің бағасы 20%-дан астам өскен.
Ал Ақтауда азық-түлік жиынтығының құны 12%-ға, Петропавлда 5,2%-ға, Көкшетауда 4,7%-ға, Астанада 4,3%-ға төмендеген.
Ақтаудағы көрсеткіш ерекше назар аудартады. Мұнда күріш бағасы бір жылда 47,9%-ға, яғни екі есеге жуық төмендеген. Соның арқасында азық-түлік бағасының жалпы өсуіне қарамастан, қала тұрғындарының палау әзірлеуге жұмсайтын шығыны азайды.
Бірнеше күн бұрын біз Қазақстанда ет пен көкөніс бағасын тұрақтандыру үшін қандай шаралар әзірленіп жатқаны туралы жазған едік.