2025 жылы жүк айналымы бойынша әлемдегі ең ірі он порттың сегізі Қытайда орналасқан. Бұл туралы Қытай Көлік министрінің орынбасары Ли Синху баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Оның айтуынша, өткен жылы Қытай порттарының жалпы жүк айналымы 18,3 млрд тоннаға жетсе, контейнер айналымы 354 млн TEU-ды (жиырма футтық контейнердің баламасы) құрады. Қытайдың сауда флотының жиынтық дедвейті 490 млн тоннаға дейін өсіп, бұл көрсеткіш бойынша да ел әлемде бірінші орынға шықты.
Орта есеппен Қытай порттары тәулігіне 50 млн тоннадан астам жүк пен шамамен 970 мың TEU өңдеген. Сонымен қатар тәулігіне кемелердің кіру және шығу саны 98 мыңнан асып, оның ішінде 1,2 мыңнан астамы халықаралық рейстер болды.
14-бесжылдық (2021–2025 жылдар) кезеңінде Қытайда дедвейті 10 мың тонна және одан жоғары кемелерге арналған 469 терең су айлағы салынды. Жоғары санаттағы ішкі су жолдарының ұзындығы 18,5 мың шақырымға дейін ұлғайды, ал автоматтандырылған порт терминалдарының саны 60-қа жетті.
Биліктің пікірінше, заманауи порт инфрақұрылымын дамыту елдің логистикалық әлеуеті мен сыртқы саудасын нығайтудың негізгі факторларының біріне айналды.