Біріккен Араб Әмірліктері сейсенбі күні алғашқы жолаушылар теміржолы «Etihad Rail» жобасының сынақтық пайдалануға берілуін бастады.
Бұл жоба елдің ұлттық жолаушылар теміржол желісін қалыптастырудағы маңызды кезең болды. Құрылыс жұмыстарына бірнеше қытайлық компания қатысты.
Теміржолдың алғашқы учаскесі БАӘ астанасы Әбу-Дабиді елдің шығысындағы Фуджейра әмірлігімен байланыстырды. Жол жүру уақыты шамамен 1 сағат 45 минутты құрайды. Дубай мен Әл-Дайд станцияларын 30 қыркүйекте, Әл-Дафра станциясын желтоқсанда ашу жоспарланған. Ал Шарджа станциясы пайдалануға берілгеннен кейін, 2027 жылғы наурызда бүкіл желінің құрылысы толық аяқталады деп күтілуде.
«Etihad Rail» жолаушылар желісі соңғы жылдардағы БАӘ-нің ең ірі инфрақұрылымдық жобаларының бірі саналады. Толық іске қосылғаннан кейін ол жеті әмірліктің барлығындағы 11 қала мен өңірді 11 теміржол станциясы арқылы байланыстырады. 2030 жылға қарай жолаушылар саны 36 миллион адамға жетеді деп болжануда. Бағытта әрқайсысы 400 жолаушыға арналған 13 пойыз қатынайды.
Қытайдың БАӘ-дегі елшісі Цзэн Цзисинь бұл жобаның «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясындағы екі елдің жоғары сапалы ынтымақтастығының маңызды нәтижесі екенін және жан-жақты стратегиялық әріптестік шеңберіндегі практикалық өзара іс-қимылдың дамуын көрсететінін атап өтті.
Жобаны жүзеге асыруға China Railway International Group, CRRC Corporation Limited, China Energy Engineering Corporation және China Civil Engineering Construction Corporation қатысты. China Railway International Group компаниясының жоба директоры Юй Хаоның айтуынша, жаңа теміржол БАӘ көлік желісінің дамуына ықпал етіп, болашақта Парсы шығанағы өңіріндегі теміржол қатынасын жақсартуға мүмкіндік береді.