Офтальмология және оториноларингологияға маманданған Қытайдың C909 ұшатын госпиталі қайырымдылық медициналық бағдарламасына қатысу үшін Шанхайдан Қырғызстанға аттанды.
Ұшақ 19 қыркүйекте Бейжің уақыты бойынша сағат 11:21-де ұшып шықты. Аралық аялдамадан кейін оның Бішкекке 20 қыркүйектің екінші жартысында келуі күтілгенін Фудань университетінің Офтальмология және оториноларингология ауруханасы хабарлады.
Ұшатын госпитальды осы аурухана Қытайдың COMAC коммерциялық ұшақтар корпорациясымен бірлесіп, C909 жолаушылар ұшағының базасында жасаған. Оның бортында тексеру, диагностика, емдеу, консультациялар мен хирургиялық операциялар жүргізуге, сондай-ақ пациенттерді кейіннен оңалту кезеңінде сүйемелдеуге мүмкіндік беретін заманауи медициналық жабдықтар орнатылған.
Ұшақта офтальмологиялық және оториноларингологиялық консультацияларға арналған кабинеттер, кешенді тексеру және пациенттерді дайындау аймақтары, операция алдындағы аймақ және толыққанды операциялық бөлме жабдықталған.
Дәрігерлердің қарамағында операциялық үстел мен микроскоп, катарактаны факоэмульсификациялау жабдығы, эндоскопиялық және реанимациялық жүйелер бар. Ұшақтың медициналық кеңістігі стерильді хирургиялық операциялар жүргізуге де бейімделген.
Қырғызстанда C909 «Жарық жолы» қайырымдылық медициналық бригадасының мобильді платформасына айналады. Қытайлық мамандардың алғашқы тобы Бішкекке 6 қыркүйекте келіп, пациенттерді тегін қабылдауды бастап кетті. Медициналық акция 20 күннен астам уақытқа созылады.
C909 ұшатын госпиталі бұған дейін Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында, Вьентьянда және Алматыда осындай миссияларды жүзеге асырған. Осы уақыт ішінде мамандар 2 мыңнан астам тегін медициналық консультация өткізіп, 60-тан астам қайырымдылық операциясын жасаған.
Сонымен қатар 5G технологиясын пайдалану арқылы жеті консультация қашықтан ұйымдастырылды.