BMW Group Қытайдың солтүстік-шығысындағы Шэньян қаласында орналасқан кәсіпорнында алтыншы буындағы жоғары вольтты аккумуляторлардың сериялық өндірісін бастады. Жобаға салынған инвестиция көлемі 10 млрд юаньды (шамамен 1,49 млрд АҚШ доллары) құрады.
Жаңа аккумуляторлар BMW компаниясы Қытай нарығына шығаруды жоспарлап отырған Neue Klasse («Жаңа класс») тобына жататын электромобильдерге арналған. Олардың негізінде ірі цилиндрлік аккумулятор ұяшықтарының технологиясы жатыр. Өндірісті ұйымдастыру үшін концерн қытайлық CATL және EVE Energy компанияларымен ынтымақтасуда.
BMW Brilliance Automotive компаниясының президенті және бас директоры Биргит Бёмнің хабарлауынша, өндірістің іске қосылуы Қытайда жаңа электромобильдер шығаруға дайындықтың негізгі кезеңдерінің біріне айналды.
Шэньян BMW Group концернінің әлемдегі ең ірі өндірістік базасы болып қала береді. 2010 жылдан бері концерн өңірдегі кәсіпорындарын дамытуға 120 млрд юаньнан астам инвестиция салды. 2026 жылғы мамырда мұнда жеті миллионыншы BMW автомобилі шығарылды.
Компания сондай-ақ Қытай нарығы үшін арнайы әзірленген жаңа BMW i3 моделінің сынақтан өткізілгенін хабарлады. Өндірушінің мәліметінше, автомобиль аккумуляторын қайта зарядтамастан 1213 шақырым жүріп өткен.
2027 жылға қарай BMW Қытайда Neue Klasse технологияларын пайдаланатын 20-ға жуық жаңа және жаңартылған модельді таныстыруды көздеп отыр. Ал 2030 жылға қарай компания Қытай нарығындағы сатылымында жергілікті жерде шығарылған автомобильдердің үлесін 95 пайыздан асыруды жоспарлап отыр.
Бұдан бөлек, BMW Шэньянда өндірілген автомобильдердің экспортын, соның ішінде Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне жеткізілімдерді кеңейту мүмкіндігін қарастыруда.
BMW AG басқарма мүшесі Милан Неделькович Шэньянның дамыған өнеркәсіптік инфрақұрылымы мен бизнес жүргізуге қолайлы жағдайлары концернге Қытайдағы өндіріс пен инвестиция көлемін ұлғайтуға мүмкіндік беретінін атап өтті.