Қытай серіктестерімен бірлесіп, алдағы Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы (АТЭС) саммитінің табысты өтуін қамтамасыз етуге және өңірлік интеграцияны дамытуда нақты нәтижелерге қол жеткізуге ниетті. Бұл туралы ҚХР Сыртқы істер министрі Ван И 3 қарашада бейнеконференция форматында өткен АТЭС-тің 37-ші министрлік кездесуінде мәлімдеді.
АТЭС экономикалары көшбасшыларының 33-ші кездесуі қараша айында Қытайдың оңтүстігіндегі Шэньчжэнь қаласында өтеді. Оның тақырыбы — «Ортақ өркендеу жолында Азия-Тынық мұхиты қоғамдастығын құру». Негізгі басымдықтар ашықтық, инновациялар және өзара іс-қимыл болмақ.
Қытай АТЭС саммитін үшінші рет қабылдайды. Бұған дейін көшбасшылар кездесулері 2001 жылы Шанхайда және 2014 жылы Бейжіңде өткен. Ван Идің айтуынша, Қытайдың төрағалығы кезеңінде жыл бойы 300-ден астам кездесу мен іс-шара ұйымдастырылып, олардың барысында қатысушылар ынтымақтастық жөнінде бірқатар келісімге қол жеткізді.
ҚХР Сыртқы істер министрі АТЭС экономикаларын өзара сенімді нығайтуға, еркін сауданы қолдауға, инновацияларды дамытуға және экономикалық өсудің жаңа мүмкіндіктерін жасауға шақырды.
Кездесуге тең төрағалық еткен Қытайдың Сауда министрі Ван Вэньтао жаһандық өндірістік тізбектердің бөлшектену қаупіне және әлемдік экономика өсімінің баяулауына назар аударды.
Ол өңірлік сауданы нығайту, цифрлық дәуірдегі экономикалық ережелерді үйлестіру және жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастықты кеңейту қажеттігін атап өтті.
Ван Вэньтао сондай-ақ Қытайдың ашықтық саясатын жалғастыруға, шетелдік капиталы бар кәсіпорындар үшін тең жағдайлар қамтамасыз етуге және жаңа технологияларды бірлесіп әзірлеуді қолдауға ниетті екенін растады.
Министрлік кездесуге қатысушылар Шэньчжэньде өтетін алдағы саммитте нақты нәтижелерге қол жеткізу үшін өзара іс-қимылды жалғастыруға дайын екенін білдірді.