Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевтың осы жылғы қаңтар айындағы Италияға ресми сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтар аясында Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Римге жұмыс сапарымен келді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бүгін ол Италияның Кәсіпкерлік және «Италияда жасалған» өнімдері министрі Адольфо Урсомен және Италияның Сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрінің орынбасары Мария Триподимен кездесті.
Атап айтқанда, А.Урсомен болған келіссөздер Қазақстан мен Италия арасындағы сауда қатынастарын кеңейту, қазақстандық және итальяндық өндірушілер шығаратын бірлескен өнімдерге арналған «Қазақстанда Италиямен бірге жасалған» бірыңғай тұжырымдамасын енгізу мәселелеріне арналды.
А.Шаққалиев Қазақстан Италияның Орталық Азиядағы сенімді сауда-экономикалық әріптесі екендігін атап өтті. Астана мен Римнің осы саладағы әріптестікті одан әрі тереңдетуге әлеуеті зор. Министрдің айтуынша, келешегі зор бағыттардың бірі – органикалық азық-түлік өнімдері. Қазақстан Италияға ет, уылдырық және балдың экспорттық жеткізілімдерін ұсына алады, бұл итальяндық тұтынушылар арасында үлкен сұранысқа ие болар еді.
Сонымен қатар, Қазақстан мен Италия мемлекеттері басшыларының соңғы келіссөздері барысында қол жеткізілген уағдаластықтар аясында А.Шаққалиев «Қазақстанда Италиямен бірге жасалған» бірыңғай тұжырымдамасын құру және ілгерілету мәселесін пысықтауды ұсынды. Оның пікірінше, бұл тауар белгісін итальяндық және қазақстандық өндірушілер бірлесіп шығаратын тауарларға қолдануға болады.
Өз кезегінде, Италияның Кәсіпкерлік және «Италияда жасалған» өнімдері министрі А.Урсо бірыңғай марка құру бастамасын қолдап, мұндай жоба тұтынушылар арасында үлкен сұранысқа ие болатын сапалы өнім шығаруға септігін тигізетінін атап өтті.
Министр А.Шаққалиевтің Италия Сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрінің орынбасары М.Триподимен кездесуінде Мемлекет басшысының осы жылғы қаңтардағы Римге сапарының қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру барысы талқыланды. Сондай-ақ тараптар Италия мен Орталық Азия елдері сыртқы істер министрлерінің С5+1 форматы аясында биылғы жылы Римдегі ықтимал кездесу мәселесіне де тоқталды.