Настройки
Язык
Тема
Обновление

«Қазақстан жастары – 2020» ұлттық баяндамасы аясында көші – қон, жұмыссыздық және басқа да мәселелер қаралады



«Қазақстан жастары – 2020» жыл сайынғы Ұлттық баяндамасы аясында көші-қон мәселелері, NEET санатындағы жастардың әлеуметтік ұстанымдары, суицид мәселесі және оның профилактикасы қаралады.Бұл туралы баяндаманың мазмұнды бөлігін алдын ала сараптамалық талқылаудың онлайн-отырысы барысында «Жастар»  ғылыми-зерттеу орталығының директоры Аян Сакошев мәлімдеді.

«Осы жылы көші-қон мәселелерін, NEET санатындағы жастардың әлеуметтік ұстанымдарын, суицид мәселесін және оның профилактикасын зерттеуге ерекше назар аударылатын болады», – деп талқылауды аша отырып хабарлады  «Жастар»  ғылыми-зерттеу орталығының директоры Аян Сакошев.

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахмет «бұл ғылыми еңбек жастар саясаты саласындағы іргелі және жүйелі зерттеулердің бірі болып табылады» деді.
 

«Жеті жыл бойы белгілі отандық ғалымдар мен сарапшылар жас қазақстандықтардың өмір сүру ортасындағы әлеуметтік жағдайы мен көңіл-күйін талдады: оқу, жұмыс, денсаулықты сақтау, отбасын құру және азаматтық құқықтар мен міндеттерді жүзеге асыру. Биылғы жылы Ұлттық баяндамамен жұмысқа беделді сарапшылар, сондай-ақ жастар ұйымдарының көшбасшылары қосылды», — деді Мадияр Қожахмет.



Сарапшылар Ұлттық баяндаманың мазмұны адами капиталды қалыптастыруға бағытталғанын және барлық салаларда талап етілетін негізгі аспектілерді қамтитынын атап өтіп, мазмұндық бөлімі бойынша ұсыныстар берді. Осылай, ҚР Президентінің жанындағы ҚСЗИ әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлімінің басшысы Алуа Жолдыбалина «өткен жылдардағы жастар ортасындағы зерттеулердің жүзеге асырылу барысын талдауға көбірек көңіл бөлуді» ұсынды.
 

«Биыл Қазақстан жастарын зерттеу бойынша сегізінші Ұлттық баяндама шығарылады. Осы уақыт ішінде жақсы мониторингтік база қалыптасты. Бұл жұмыста 2013 жылдан бастап даму динамикасын көрсету қызықты болар еді деп есептеймін», -деп бөлісті Алуа Жолдыбалина.



Кеңес барысында «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ басқарма төрағасы Кемелбек Ойшыбаев бүгінгі таңда жастарды қолдау мен дамыту өте маңызды міндет екенін атап өтті.
 

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы жүзеге асыратын негізгі бағыттары жас ұрпақпен тығыз байланысты. Бұл, ең алдымен, бәсекеге қабілеттілікке, прагматизмге және сананың ашықтығына қатысты. Сондықтан біз жастарға үлкен назар аударуымыз керек», – деді Кемелбек Ойшыбаев.



Баяндаманың шығуы 2020 жылдың соңына жоспарлануда. 2013-2019 жылдарының Ұлттық баяндамаларымен «Жастар» ҒЗО   сайтында танысуға болады.
Іс-шараға мемлекеттік органдарының, ғылыми-сараптамалық ұйымдарының, жастар ұйымдарының және ресурстық орталықтардың өкілдері қатысты.


Фото: pixabay.com

Международное информационное агентство «DKNews» зарегистрировано в Министерстве культуры и информации Республики Казахстан. Свидетельство о постановке на учет № 10484-АА выдано 20 января 2010 года.

Приложение DKNews для Android Приложение DKNews для iPhone
МИА «DKNews» © 2006 -