Нур-Султан

+17

Алматы

+28

SSE 3566.65

FTSE 100 7107.27

Dow Jones 33874.25

KASE 3 348,78

Brent 74.58

WTI 72.39

Золото 24 453.95

PTC 1 660.50

USD 426.61

RUB 5.88

EUR 509.33

CNY 65.87

Сенаторлар ТМД ПА-ның пленарлық отырысына қатысты

17 апреля 2021, 21:341734

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған қазақстандық делегация Ресейдің Санкт-Петербург қаласында өткен ТМД Парламенттік Ассамблеясының 52-пленарлық отырысына қатысты. Іс-шара барысында пандемия кезеңінде көші-қон процестерін заңмен реттеу мәселесі және осы бағытта ТМД елдері Парламенттерінің рөлі кеңінен талқыланды, - деп хабарлайды Деловой Казақстан.

Отырыста сөз сөйлеген Мәулен Әшімбаев коронавирус індетінің көші-қон процестеріне тигізген әсеріне тоқталып, Қазақстан бұл саладағы проблемаларды шешу үшін қандай шаралар қабылдағанына назар аударды.

Ол COVID-19 пандемиясына тосқауыл қою үшін қолға алынған жаһандық шаралар халықаралық көші-қонды айтарлықтай шектегенін тілге тиек етті. Соның салдарынан көптеген елдер күрделі мәселемен бетпе бет келіп, оны шешу жолдарын қарастыруға мәжбүр болды. Бір жағынан, халықты қорғап, індеттің таралуын болдырмау үшін азаматтардың қозғалысына шұғыл және түбегейлі шектеулер қой қажет болды. Екінші жағынан, алда осындай шаралардың экономикалық зардабын азайту міндеті тұрды.

«Қазақстан COVID-19 індетінің таралуына тосқауыл қою үшін жалпы қабылданған тәсілдерге сүйене отырып, қазақстандықтардың, шетелдіктердің және азаматтығы жоқ тұлғалардың мемлекеттік шекарадан өтулеріне байланысты бірқатар шектеулерді қолға алды. Шетел азаматтарына түсіністік танытып, біздің аумақтағы шетелдіктерді елде болу мерзімін бұзғаны және уақытында Қазақстаннан шықпағаны үшін әкімшілік жауапкершіліктен босату жөнінде шаралар қабылданды. ТМД-дағы серіктестеріміз – Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан және Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйыммен бірлесіп әрекет етудің нәтижесінде біздің еліміз арқылы 35 мыңға жуық шетел азаматы транзитті түрде өткізілді», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар Сенат Төрағасы Қазақстанның дағдарысқа қарсы қабылдаған шаралары туралы айтты. Ол мұндай кезде келісіп әрекет ету пандемияның әлеуметтік және экономикалық салдарын төмендететініне ерекше назар аударып, әріптестерін бұдан да тығыз байланыс орнатуға және жаңа сын-қатерлерге бірге қарсы тұруға шақырды.

Пленарлық отырыс кезінде қатысушылар ТМД-ға мүше мемлекеттерге арналған бірқатар модельдік заңдарды да қарады.

Сондай-ақ, осы күні Мәулен Әшімбаев Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің Төрағасы Талант Мамытовпен кездесті. Тараптар екіжақты күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді және парламентаралық ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады.

«Жыл өткен сайын біздің елдеріміздің байланысы қарқынды дамып келеді. Бұл ретте Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегін ерекше атап өткен жөн. Елбасы бауырластыққа және тату көршілікке негізделген қарым-қатынасымызды нығайтуға және дамытуға үлкен үлес қосты. Бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстанмен ынтымақтастықты одан әрі арттыруға баса мән беріп келеді. Біз елдеріміз арасындағы байланыстың барлық салада, оның ішінде парламентаралық бағытта да кеңейе түскеніне мүдделіміз», – деді Сенат Спикері.

Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев Молдова Республикасы Парламентінің Төрайымы Зинаида Гречаныймен кездесті. Кездесу барысында екіжақты күн тәртібіндегі өзекті мәселелер сөз болды. Одан бөлек, тараптар парламентаралық ынтымақтастықты, экономикалық серіктестікті және мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту мәселелерін талқылады.

2006 - 2021 © Ваша почта. 16+