Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Тарих және шетел тілдері институтының бастамасымен тұңғыш рет мектеп оқушылары арасында «Digital Lady» атты республикалық пәндік олимпиадасы өтеді. Бұл туралы оқу орнының баспасөз қызметі хабарлады.
Жастардың зияткерлік әлеуетін және оқу орнының қоғамдағы имиджін арттыру бағытындағы білім сайысы 2 кезең бойынша ұйымдастырылмақ.
Басты мақсат – болашақ талапкерлердің мамандық таңдауына ықпал ету, мектеп түлектерінің болашақта таңдайтын мамандықтарына деген қызығушылықтарын арттыру.
Додаға қатысатын еліміздегі 11 сынып оқушылары алғашқы турда лексикалық-грамматикалық тест сұрақтарына жауап беріп, аудиомәтін және видеоматериалдар бойынша тапсырмалар орындайды. Бірінші кезең бойынша 70 пайыз балл жинағандар ақтық айналымға жолдама алмақ.
– «Introducing» кезеңінде әр оқушы өзін, мектебін таныстыру мақсатында жаһандану заманындағы «What’s a Digital Lady» тақырыбында 2 минуттық бейнебаян түсіріп, ХХІ ғасырдағы «Digital Lady» бейнесін ұсынады. Ал «Magic Box» турында білім мен танымды айқындайтын тапсырмаларды орындаса, «Жұлдызды сұрақ» бөлімінде қатысушылар университетте білім беретін профессор-оқытушылар қойған сұрақтарға жауап береді. Онлайн форматта өтетін олимпиадаға қатысу үшін 2020 жылғы 20 қарашаға дейін өтінім беріп, оны digitaleader2020@gmail.com электронды поштасына жіберу қажет, – дейді олимпиада ұйымдастырушылары.