ҚызПУ-да мектеп оқушылары арасындағы білім жарысы өтті

16610

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті еліміздегі мектеп оқушыларының зияткерлік әлеуетін көтеру жолында көптеген жобалар мен іс-шараларды жүйелі жүзеге асыруда. Соның бір айғағы – «Ұлы даланың ұлы қыздары» атты білім сайысы.


 

Тарих және шетел тілдері институтының қолдауымен өтетін дәстүрлі білім додасы биыл да ұйымдастырылып, өз мәресіне жетті.

Бұл туралы оқу орнының Баспасөз қызметі хабарлады.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы олимпиадаға Түркістан, Қызылорда, Алматы облыстары мен Шымкент және Алматы қалаларындағы мектептердің оқушылары қатысып, бақтары мен баптарын сынасты.

Сайыстың бірнеше кезеңнен тұратын іріктеуінен өткен 8 команда ақтық мәреде өз білімдерін паш етіп, 5 айналым бойынша тапсырмаларды орындады. Атап айтқанда, білім алушылар «Таныстыру», «Тарихи хронология», «Ұлы даланың қаһарман қыздары», «Тарихи терминология» және «Ой толғау» турлары бойынша өзара мықтыны анықтады.

Алғашқы кезеңде әр команда өзінің университеті мен мүшелерін  таныстырып, команданың атын қорғады.

«Тарихи хронология» атты екінші айналымда әр команда ұяшықтардың артында жасырылған тарихи даталардың мағынасын дұрыс ашуы тиіс. Бұл сандар Ұлы даланың ұлы қыздарының өмірі мен қоғамдық-саяси қызметімен байланысты. Командалар дұрыс  жауап бергеніне қарай ұпай еншілейді.

Үшінші турда қатысушыларға «Ұлы даланың қаһарман қыздары» тақырыбындағы арнайы бейнетаспаға түсірілген сауалдар қойылды.

«Тарихи терминология» атты төртінші айналымның шарты бойынша әр команда тарихи терминдерге 3 деңгей негізінде анықтама беруі тиіс. 1-деңгей «қола қақпа», 2-деңгей «күміс қақпа» және 3-деңгей «алтын қақпа» деп аталады.

Толық жауап берген команда ғана үш қақпаны ашқан болып, толық бағаланады. Үшінші қақпаның сұрағы ағылшын тілінде қойылады, сәйкесінше командалар  сұрақтарға ағылшын тілінде жауап береді.

Соңғы кезең «Ой толғау» деп аталады. Бұл айналымдаел тарихындағы есімдері ұлықталған ұлы қыздар туралы эссе сұрақтар жеребе негізінде әр команда жетекшісіне үлестіріледі. Шарт бойынша сайыскер тапсырманы орындауға берілетін 10 минутта 100 сөзден кем емес эссе жазуы тиіс.

– Республиканың әр аймағынан жиналып, бір арнада бас қосқан білімпаз жастар қойылған сауалдарға жауап беріп, берілген тапсырмаларды орындау барысында ойларын жан-жақты тұжырымдай білді. Тарих пәнінен алған таным деңгейлерін айқын көрсетті. Қазылар алқасы әрбір топтың жауаптарына қатысты өз ұсыныстары мен пікірлерін білдіріп, тиісті бағаларын берді, – дейді қазылар алқасының мүшесі, тарих ғылымдарының кандидаты Ердәулет Берлібаев.

Олимпиада қорытындысы бойынша бірінші орынға Алматы облыстық №15 мектеп-интернатының оқушыларынан құралған «Қайсар қыздар» тобы лайық деп танылды.

Екінші орынды Қызылорда облысының Сырдария ауданындағы №37 мектеп-лицейінің «Тұмар» тобы мен Шымкент қаласындағы №90 гимназиясы иеленсе, үшінші орынды Алматы облысының Қаскелең қаласындағы Абай атындағы орта мектеп-гимназиясының «Хансұлу» және Алматы қаласындағы №15 гимназиясының «Қағанат» командалары өзара бөлісті.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер Алғыс хаттармен және дипломдармен марапатталды.

Международное информационное агентство «DKnews.kz» зарегистрировано в Министерстве культуры и информации Республики Казахстан. Свидетельство о постановке на учет № 10484-АА выдано 20 января 2010 года.

Тема
Обновление
МИА «DKnews.kz» © 2006 -