Білім және ғылым салаларындағы басты трендтер не? Аталған салалардың заманауи бағыттары қандай? Осы және өзге де сауалдарға жауап іздеу мақсатында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде халықаралық жиын өтеді. Бұл туралы оқу орнының баспасөз қызметі хабарлады.
Онлайн режімде ұйымдастырылатын басқосудың мақсаты – заманауи жағдайдағы ғылым мен білім беруді дамытудың бағыттары мен жаһандық мәселелерді ғылыми-практикалық тұрғыда негіздеу.
Отандық және шетелдік ғалымдардың қатысуымен өтетін конференция жұмысы 5 бағытта ұйымдастырылмақ. Атап айтқанда, жиын қатысушылары «Дене шынықтыру және спорт саласының өзекті мәселелері және болашағы», «Қазіргі жағдайда мектепке дейінгі және бастауыш білім мен тәрбие берудің сабақтастық мәселелері», «Практикалық психологиядағы заманауи әдістер мен инновациялар» және «Арнайы білім беру жүйесінің өзекті мәселелері: инновациялық тенденциялар» секциялары бойынша өзара пікір алмасып, пайымды ойларын ортаға салмақ.
– Айта кетейік, биылғы жылдың 23 сәуірінде өтетін «Ғылым мен білім саласындағы заманауи трендтер» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция Қыздар университетінің Педагогика және психология жоғары мектебі, Украина педагогикалық ғылымдар ұлттық академиясының Педагогика, Психология институттарының мұрындық болуымен ұйымдастырылып отыр, – деп атап өтті Қыздар университетінің Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы Жандар Асан.
Конференцияға келіп түскен материалдар негізінде арнайы жинақ жарық көреді.