Үкімет басшысының орынбасары Б.Сапарбаев облыстағы медицина мамандарымен және көксулықтармен жүздесті

7073



Жуырда Алматы облысына жұмыс сапарымен келген Үкімет басшысының орынбасары Бердібек Сапарбаев бастаған үкіметтік топ жетісулықтармен жүздесулерін Талдықорған қаласы мен Көксу ауданында жалғастырды.

Үкіметтің жұмыс тобы алдымен Талдықорған қалалық көп салалы ауруханасына барды. Аурухананың операциялық блогымен, нысанның техникалық құралдармен жабдықталу барысымен, емдеу мекемесі базасында ашылған жағдаяттық орталықтың жұмысымен танысты.

Аурухананың мәжіліс залында ұйымдастырылған жүздесуге облыстағы емдеу мекемелерінің қызметкерлері қатысты. Кездесуді ашқан облыс әкімі Амандық Баталов үкіметтік жұмыс тобының Жетісу өңіріне келгендегі мақсаты Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауындағы негізгі басымдықтарды елге түсіндіру екенін айтты. Мұнан соң облыс басшысы аймақтағы медицина саласының бүгінгі жай-күйіне аз-кем тоқталып өтті. Мәселен, өңірде денсаулық сақтау саласының бюджеті 95,2 млрд. теңгені құрайды. Облыс әкімі өз сөзінде облыстағы ең ескі ғимараттардың бірі облыстық көп салалы ауруханасына емдеу корпустарын салу, техникалық жағынан толық жабдықтау жөнінде индиялық компаниямен келіссөздер жүргізіліп жатқанынан да тоқталды.

Мұнан соң сөз алған ҚР Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Камалжан Надыров 2020 жылдан бастап енгізілетін медициналық әлеуметтік міндетті сақтандыру жөнінде кеңінен сөз қозғады. Жаңа жүйеге өтудің дайындығы, ондағы Алматы облысының аяқ алысы туралы айтты. Мәселен, тұрғындардың мәртебесін өзектендіруде алдымызда әлі де бірқатар жұмыстар тұр, сол сияқты кейбір азаматтардың төлемі жүйелі жасалмайтын жайттар да жиі кездеседі, сондай жағдайлардың себебін анықтау қажет. Ал жаңа жүйеге көшудің техникалық дайындығы жағынан облыстың деңгейі жоғары деп бағалады вице-министр. Сол сияқты халықты құлағдар ету, түсіндіру көрсеткіші біршама өскен. «Адам өзі түсінбеген нәрсені өзгелерге түсіндіре алмайды. Сондықтан ең алдымен МӘМС туралы медицина мамандарының өздері жетік ұғынып алғаны жөн», - деді К. Надыров.

Жиында қалалық көп салалы аурухананың бас дәрігері Сәуле Құсмолданова, облыстық кардиология орталығының бас дәрігері Рахымберді Сұлтанбеков және басқа да азаматтар жоғары технологиялық медициналық қызмет көрсету үшін бөлінетін қаржы көлемін арттыру, скринингтен өтуге тиіс әрбір азаматты дер кезінде қаралуға міндеттейтін нормативтік-құқықтық құжат қажеттігі, МӘМС жүйесін енгізудегі кейбір түйткілдер және т.б. мәселелер көтерілді.

Сұрақтарға толыққанды жауап берген Бердібек Сапарбаев Президенттің Үкіметтің алдына қойған міндеттерінің бірі - денсаулық сақтау саласына жұмсалатын қаржы көлемін жалпы ішкі өнімнің 5 %-іне жеткізу екенін айтты. Соған сәйкес көрсетілетін медициналық қызмет сапасын жақсартуымыз керек. МӘМС жүйесін енгізуге алда 1 жарым ай уақыт бар. Осы уақыт ішінде жұмысты бұрынғыдан да жандандыра түсу қажет.

- Кейде БАҚ арқылы халық медицина қызметкерлеріне деген өкпе-ренішін білдіріп жатады. Дәрігерлердің жұмысы адам өміріне тікелей қатысты. Сондықтан медицина мамандары өз ісіне өте мұқият, асқан жауапкершілікпен қарауы керек. Мемлекет сіздерге барлық жағдайды жасап отыр - жалақыларыңыз көтерілуде, ауруханалар озық үлгідегі құралдармен жабдықталған, жұмыс істеуге қолайлы жағдайдың бәрі бар. Соған сәйкес медициналық қызмет көрсету сапасын көтеруге тиіспіз, халықтың өмір сүру ұзақтығын 75 жасқа жеткізу межеміз болуы керек. Осы ауруханада ашылған жағдаяттық орталықтың диагностикалауда, ауруды ерте кезеңнен анықтаудағы рөлі зор екен. Талдықорғандағы бұл орталықты өзге облыстарға үлгі етіп көрсету арқылы, озық тәжірибе ретінде тарату керек, - деді Б. Сапарбаев.

Мұнан соң ресми делегация Талдықорғандағы коттеджді қалашыққа тоқтады. Онда жаңа қонысқа орныққан отбасының біріне арнайы кіріп шықты. Көп балалы және аз қамтылған отбасыларға берілетін осындай үйлерді көбейтсе, баспананың қолжетімділігі арта түсетінін айтқан Б.Сапарбаев, жаңа шағын ауданның салынуына оң баға берді.

Көксу қант зауытына да атбасын бұрып, зауыттың түрлі цехтарын аралады. Қызылша жинақтау алаңында тау болып үйілген шикізаттың дайын қант болып шыққанға дейінгі барлық процестеріне куә болды.

Көксу ауданының мәдениет үйінде жиналған көпшілікпен кездескен Б.Сапарбаев бастаған үкіметтік топ Президент Жолдауының басты бағыттары туралы кеңінен баяндады. Алдымен сөз алған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов 2020 жылдың 1 қаңтарынан енгізілетін әлеуметтік жәрдемақылардың жаңа механизмі туралы тұрғындарға түсіндіріп берді. Министрдің айтуынша, жаңа жылдан бастап 4 және одан да көп балалары бар отбасыларға табысына қарамастан әр балаға 10 мың теңгеден астам қаржы төленеді, сол сияқты аз қамтылған отбасылары үшін атаулы әлеуметтік көмек беру жалғасады, бірақ шарттары өзгереді. Яғни жәрдемақы тағайындалған отбасы құрамында жұмыс істеуге қабілетті азамат болған жағдайда, оны жұмысқа орналастыру қарастырылған. Оған қоса көп балалы отбасындағы әр балаға кепілдендірілген әлеуметтік пакет беріледі. Пакетте сәбилердің гигеналық құралдары, мектептегі тегін ыстық тамақ, мектепке барып-қайту жол шығыны және басқа да көмектер қарастырылған.

Осындай кездесу Лабасы ауылдық округінде де өткізіліп, Жолдаудағы міндеттердің орындалу барысы түсіндірілді.

Жиын соңында Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев «Нұрлы жер», «Нұрлы жол», «7-20-25» және басқа да мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндіктері туралы айтып өтіп:

- Жетісу жері қашанда өзінің еселі еңбегімен, қызылша, жүгері өсірумен даңқы шыққан өлке. Бұл аймақ Головацский, Тамшыбаевадай Еңбек Ерлерімен мақтанады. Алматы облысы бүгінгі күні де осы үрдісті жақсы жалғастырып келеді. Бүгінде елімізде көптеген мемлекеттік бағдарламалар бар. Соның ішінде «Еңбек» бағдарламасы халықты жұмыспен қамтуға, еңбекке баулуға, кәсіпке үйренуге, жеке ісін ашуға мемлекеттік қолдау көрсетуге негізделген. Халықтың тұрмыс сапасы жақсы болуы үшін экономикамыз мықты болуы керек, ал экономика мықты болуы үшін еңбекке қабілетті әр адам еңбек етіп, соған өз үлесін қосуы керек, - деді өз сөзінде.

 

Дереккөз: Алматы облысы әкімдігінің ресми сайты www.zhetysu.gov.kz

Международное информационное агентство «DKnews.kz» зарегистрировано в Министерстве культуры и информации Республики Казахстан. Свидетельство о постановке на учет № 10484-АА выдано 20 января 2010 года.

Тема
Обновление
МИА «DKnews.kz» © 2006 -