Жыл сайын денсаулық сақтау саласында іске қосылатын нысандардың саны 15-ке дейін жетеді

8492



Алматы облысында денсаулық сақтау саласында «Денсаулық» бағдарламасының 32 көрсеткішінің 29-ы орындалуда, күтілетін өмір сүру ұзақтығы 73 жастан асты. Медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру мақсатында жыл сайын іске қосылатын нысандардың саны 15-ке дейін жетеді. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласында Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде Алматы облысының əкімі Амандық  Баталовтың қатысуымен өткен он айдағы өңірдің əлеуметтік-экономикалық дамуы туралы брифингісінде айтылды. 

Облыс әкімінің баяндамасына сүйнесек, өңірдің медицина саласының жабдықталу деңгейі 83%-ке жеткен. Сол сияқты міндетті медициналық сақтандыруды енгізу жұмысы аяқталып келеді, бекітілмеген тұрғындардың саны 100 мыңнан 36 мың адамға дейін қысқарған.

Заманауи медициналық мекемелер салу жұмысы жалғасуда. Мәселен, Талдықорған қаласының 6-шағын ауданында 320 келушіге арналған Алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталығы ашылды.

Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде 16 ауруханада PACS жүйесі орнатылған, ол қатерлі ісікті бастапқы сатысында анықтауға және емдеуді уақытылы бастауға мүмкіндік береді. Бұдан басқа, Алакөл ауданының орталық аудандық ауруханасына компьютерлік томограф сатып алынды, Талғар қаласында оңалту орталығы және Талдықорған қаласында орталықтандырылған зертхана ашылған. Тағы төрт жоба жоспарланып отыр, олар - екі ангиограф сатып алу, Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасын сенімгерлік басқаруға беру және Іле ауданында позитронды-эмиссиялық томография орталығын ашу және Жамбыл ауданы Ұзынағаш ауылында 250 келушіге арналған емхана құрылысын жүргізу.


Дереккөз: Алматы облысы әкімдігінің ресми сайты www.zhetysu.gov.kz

Международное информационное агентство «DKnews.kz» зарегистрировано в Министерстве культуры и информации Республики Казахстан. Свидетельство о постановке на учет № 10484-АА выдано 20 января 2010 года.

Тема
Обновление
МИА «DKnews.kz» © 2006 -