Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде Абайтану курсы енгізілді. Бүгінде оқу орнының студенттеріне абайтанудың бастаулары, ақынның өмірі мен шығармашылық жолы оқытылуда. Бұл туралы университеттің баспасөз қызметінің жетекшісі Жандар Асан хабарлады.
Бұған дейін Қыздар университетінің Қазақ филологиясы және әлем тілдері факультетінің білімгерлеріне Зәки Ахметов, Тұрсынбек Кәкішов, Мекемтас Мырзахметұлы сынды ғалымдар абайтану курсын жүргізген болатын. Ал былтырғы оқу жылынан бастап ол барлық факультеттерде оқытыла бастады.
Болашақ педагогтар курс барысында абайтану мәселелерінің даму бағыттарымен, оның ақындық мектебімен және хакімнің «Толық адам» философиясымен танысады.
Осы орайда Қыздар университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Руда Зайкенованың «Абайтану» атты оқулығы да жарық көрді.
Кітапта ақынның шығыс, батыс және орыс әдебиеттерімен байланысы, ғұлама ойшылдың ғылым, білім, өнер, ел билеу, тарих, махаббат, діни таным тақырыбында және сыншылдық көзқараста жазылған философиялық қарасөздерінің, өлеңдерінің, поэмаларының, аудармаларының мән-мағынасы мен маңызы кеңінен түсіндірілген.
– Шынайы талант – ілуде біреудің ғана маңдайына жазылатын тәңірдің сыйы. Осы тұрғыдан алып қарағанда, XIX ғасырдың екінші жартысында киіз туырлықты шаңырақ астынан қарап-ақ, әлемдік деңгейде шеберлік нақыш туғызып, өрелі ой айтқан қазақ халқының ұлы ақыны, хакім Абай даналығына жаңа заман биігінен қарап, көңіл аударудың маңызы зор. Абай – ғаламдық тұлға. Абайтанудың бастау XX ғасырдың бас кезіндегі Алаш арыстары мен сол тұста өмір сүрген оқымыстылардың таным-білігінен басталады. Құнанбайұлының даналығын жете меңгеру арқылы бүкіләлемдік гуманистік және ұлттық өлшемдердің адам тұлғасын қалыптастырудағы орнын бағамдап, өмірді және адамзат құпиясын тануға болады, – дейді оқулық авторы, профессор Руда Зайкенова.