Қыздар университетінде білім беруге арналған республикалық форум өтті

19228


Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде «Білім беру мен тәрбиеге жаңа көзқарас» тақырыбындағы республикалық форум өтті. Халықаралық білім күніне арналған алқалы басқосуға отандық жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу мекемелерінің қызметкерлері, білім беру саласының мамандары және шетелдік ұйым өкілдері қатысты.

Қыздар университеті мен ЮНЕСКО-ның Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан бойынша Кластерлік бюросы бірлесіп өткізген шара қатысушылары алдымен оқу орнының Ғылыми кітапханасындағы ғалымдар мен білім алушылардың ғылыми жетістіктерінің көрмесін тамашалады. Онда жұртшылық назарына оқытушылардың ғылыми еңбектерінің нәтижелері, робототехника зертханасы дайындаған инновациялық жобалар ұсынылған. 

Форум жұмысы университет ректоры Гаухар Алдамбергенованың алғы сөзімен ашылды.

– Біздің университетіміздің Халықаралық білім күнін атап өтуге қатысуының өзіндік символикалық мәні бар. Өйткені оқу орны – әйел мұғалімдерді даярлайтын алғашқы әрі тұңғыш білім ордасы. Өткен жылы университеттің құрылғанына 75 жыл толды. Осы жылдар ішінде қазыналы қарашаңырақ Қазақстанның білім беру жүйесіне 60 мыңнан астам маман даярлап шығарды. Біз қазіргі күнде де негізінен ауыл қыздарының шығармашылық әлеуеті мен тұлғалық қалыптасуына кең мүмкіндіктер беретін әлеуметтік миссияны жүзеге асыруды жалғастырудамыз. Осы жылы Алматыдағы ЮНЕСКО-ның Кластерлік бюросы мен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен республикалық деңгейде форум өткізудеміз. Мақсатымыз – бүкіл педагогикалық қоғамдастықтың назарын білім беру мен оқытудың өзекті мәселелеріне аудару, білім беру кеңістігінің барлық өкілдерімен өзара іс-қимыл шекарасын кеңейту, ең жақсы, ең озық идеялар тәжірибесін біріктіру және білім мен ғылым интеграциясын нығайту, – деді Гаухар Алдамбергенова.


Ұлы ғалым Әл-Фарабидің 1150 және ақын, ойшыл, ағартушы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойларымен тұспа-тұс келген басқосу аталған тұлғалардың мұраларын дәріптеуді де көздейді.

– Әл-Фараби мен Абай еңбектерінде рухани-адамгершілік тәрбие мен білімге қоғамның жоғары құндылығы ретінде жете мән беріледі. Сонымен қатар бұл мәселелер бүгінгі Халықаралық білім күні тұжырымдамасына да сәйкес келеді. Әл-Фарабидің философиялық пайымдауларында «қайырымды мемлекет құрудағы ең басты нәрсе өз азаматтарын «дұрыс» бағытта және «дұрыс» адамгершілік қағидаларында тәрбиелеу ісіне «дұрыс» көзқарастар нәтижесінде ғана қол жеткізуге болады» делінген. Ал ұлы Абайдың нақыл сөздерінен тұлғаны жетілдіру білім алу мен ағартушылыққа байланысты екенін аңғаруға болады. «Адамның білімі – адамзаттың өлшемі» дейді ақын. Білім мен тәрбие мәселелері біздің заманымызда да өз өзектілігін жоғалтпайтынын көріп отырмыз. Олар әсіресе технологияны қарқынды дамуы мен әлемнің өзгеріп отыратын жағдайында күрт көтеріледі, – деп атап өтті Қыздар университетінің ректоры. 


Гаухар Алдамбергенованың пайымдауынша, форум алаңы ынтымақтастық үшін жаңа идеялар пайда болатын, тәрбие мен білім беру саласындағы жаңа тәсілдер мен модельдер, сондай-ақ озық тәжірибе алмасу үшін кәсіби педагогикалық қауымдастық құратын дәстүрлі орын болады.

На изображении может находиться: 1 человек, сидит, ребенок и в помещении

Сонымен қатар жиын барысында ҚР Білім және ғылым министрлігі Болон процесі және академиялық ұтқырлық орталығының директоры Алмагүл Құлтуманова, Алматыдағы ЮНЕСКО-ның Кластерлік кеңсесінің директоры және аталған ұйымның Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстандағы өкілі Кристина Товмасян, «Бөбек» ұлттық ғылыми-практикалық, оқу-сауықтыру орталығының бас директоры Елена Сәкенова, Қазақстандағы Франция Елшілігінің университеттер ынтымақтастығы жөніндегі атташесі Жиль Маметц тақырып төңірегінде сөз сөйлеп, пайымды ұсыныстарын білдірді. 

На изображении может находиться: 5 человек

Форумның пленарлық отырысынан кейін қатысушылар «Тұрақты даму мақсатындағы білім берудің рөлі», «Ғаламдық азаматтық рухын қалыптастырудағы тәрбие мен білім беру», «Тәрбие беру машығы мен әдістемесінің эволюциясы, тұрақты қоғам құру жолындағы адам қызметін қамтамасыз етудегі оқыту мен білім беру», «Жастардың Қазақстан қоғамының тұрақты дамуына қосқан үлесі», «Заманауи білім берудегі жас ғалымдар платформасы: жаңа идеялар мен мүмкіндіктер», «4К моделі жағдайындағы мектепке дейінгі тәрбие мен білім берудің мәселелері» тақырыбындағы панелдік сессиялар жұмыстарына қатысты. 

– Осымен екінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отырған жиынның басты көздегені – Қазақстанның 2030 жылға дейін тұрақты дамуын қамтамасыз етуге ықпал ететін 17 басым бағыттағы білім берудің маңызын анықтау, оны кеңінен насихаттау тұрғысында бірқатар маңызды міндеттерді назарға алу. Форум жұмысына білім беру саласының барлық сатысының өкілдері қатысты. Олар озық тәжірибелер, жаңа технологиялар мен әдістер, ынтымақтастық пен өзара іс-қимыл арқылы білім беру реформаларының қозғаушысы болады деп сеніммен айта аламыз, – дейді Қыздар университетінің Баспасөз қызметінің жетекшісі Жандар Асан.


Басқосу соңында қатысушылар келіп түскен ұсыныстар негізінде ортақ шешім шығарып, сертификаттармен марапатталды.

Международное информационное агентство «DKnews.kz» зарегистрировано в Министерстве культуры и информации Республики Казахстан. Свидетельство о постановке на учет № 10484-АА выдано 20 января 2010 года.

Тема
Обновление
МИА «DKnews.kz» © 2006 -