Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенттерінен құралған құрама команда волейболдан қыздар арасында өткен II Қысқы ашық турнирде топ жарып, жеңімпаз атанды.
Бұл туралы оқу орнының Баспасөз қызметі хабарлайды.
Дәстүрлі спорт бәсекесіне 6 жоғары оқу орнының командасы қатысты. Атап айтқанда, жарыс жолында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, С. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, Қазақ спорт және туризм академиясы, «Тұран» университеті және Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің волейболшылары өзара мықтыны анықтады.
Қыздар университетінің Дене тәрбиесі және спорт кафедрасының оқытушысы Сәуле Нұрпейісова жаттықтыратын құрама команда шаршы алаңда қарсылас шақ келтірмей, үздік ойын өрнегін көрсетті. Олар жартылай финалда Қазақ спорт және туризм академиясын 2:0, ақтық жарыста «Тұран» университетінің құрамасын 2:0 есебімен жеңді.
– Турнир барысында Педагогика және психология факультетінің студенттері Салтанат Абдрахманова, Анна Климова және Қазақ филологиясы және әлем тілдері факультетінің студенті Мохинур Абдувахарқызы тамаша ойын үлгісін көрсетіп, команданың «жүзден – жүйрік» атануына елеулі үлес қосты. Алда көптеген жоспарларымыз бар. Үздіксіз жаттығу мен ойын барысындағы шебер тактика болашақта жеңіс тұғырынан түспеуімізге ықпал етеді деп ойлаймыз, – дейді Сәуле Нұрпейісова.