Қазақстанның Финляндиядағы Елшісі Азамат Әбдіраимов Вааса қаласының мэрі Томас Хяюрюмен кездесті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Вааса Солтүстіктің энергетикалық астанасы болып саналады.
Кездесу барысында тараптар өңіраралық ынтымақтастық шеңберінде екіжақты өзара іс-қимылдың кең әлеуетін талқылап, энергетика саласындағы қатынастарды дамытудың маңыздылығын атап өтті.
Сапар аясында қазақ дипломаты энергетикадағы инновациялық технологиялар саласындағы әлемдік көшбасшы «Wärtsilä» фин компаниясының басшылығымен кездесті. Компанияның вице-президенті Кеннет Энгбломмен энергетика және инновация салаларындағы байланыстарды кеңейту перспективалары қарастырылды. «Wärtsilä» Қазақстанға өзінің озық тәжірибесін әкелуге және жоғары тиімді әрі икемді жылыту жүйелері мен электр желілерінің теңгерімделуін құруға жәрдемдесуге дайын.
Сондай-ақ Қазақстан Елшісі «Beamex Oy» компаниясының бас директоры Ян-Хенрик Свенссонмен кездесу өткізді. Тараптар механикалық және көпфункционалды калибрлеу жабдықтары бойынша нарықтағы технологиялық көшбасшымен ынтымақтастықты дамыту мүмкіндігін қарастырды.