Қаржы нарықтарында әр жыл қаңтар айынан басталған сәтте бір таныс сценарий қайталанады. Инвесторлар алғашқы индекстер қозғалысына қарап, ескі, бірақ әлі де өзекті ұғымды еске алады - «қаңтар барометрі». Бірі оны жай ғана нарықтық дәстүр деп санайды, енді бірі жыл басындағы көңіл-күйді түсінуге көмектесетін пайдалы бағдар ретінде қабылдайды. Алайда бұл құбылысқа «сиқыр» немесе болжам ретінде емес, рационалды тұрғыдан қарасақ, қаңтар шынымен де нарық үшін маңызды алғашқы тестке айналатыны байқалады, деп хабарлайды DKNews.kz.
Freedom Finance Global сарапшысы Турал Алиевтің айтуынша, «қаңтар барометрінің» басты құндылығы - болашақты болжау емес, нарықтың жаңа жылға қандай психологиялық және тәуекелдік күйде кіргенін түсіну.
Қаңтар - портфельдер қайта қаралып, капитал қайта бөлініп, пайыздық мөлшерлемелер мен макроэкономикалық күтулер жаңартылатын алғашқы толық ай. Ол инвесторлардың тәуекелге дайындық пен қорғанысқа ұмтылу арасындағы бастапқы теңгерімін көрсетеді, - дейді Турал Алиев.
«Қаңтар барометрі» қайдан шықты
Қаңтар айының нарық үшін ерекше мәнге ие болуы мүмкін деген идея қазіргі заманғы күрделі талдау модельдері пайда болмай тұрып-ақ қалыптасты. 1970-жылдардың басынан бастап қаржы баспасөзінде бір байқау кең тарады: егер жыл қаңтарда оң динамикамен басталса, бүкіл жыл да қолайлы өтуі ықтимал, ал әлсіз бастау инвесторлардың сақтығын арттырып, құбылмалылықты күшейтеді.
Уақыт өте келе бұл байқау нарықтық дәстүрдің бір бөлігіне айналды. Бірақ ол ешқашан тікелей сауда шешімдерін қабылдауға арналған құрал болған емес. Оның негізгі мақсаты - нарықтағы күтулерді бағалау.
«Қаңтар барометрі» мен «қаңтар әсерінің» айырмашылығы неде
Инвесторлар мен оқырмандар жиі жіберетін қателіктің бірі - «қаңтар барометрін» классикалық «қаңтар әсерімен» шатастыру.
- Қаңтар әсері дегеніміз - қаңтар айында, негізінен, шағын капиталдандырылған компаниялардың акциялары орташа деңгейден жоғары табыс көрсетуі.
- Қаңтар барометрі болса, бүкіл нарықты тұтастай қарастырады және жылдың алғашқы айындағы динамиканы қалған айлардың жалпы бағытымен байланыстыруға тырысады.
Яғни мұнда жекелеген акциялардағы маусымдық аномалия емес, инвесторлардың жалпы көңіл-күйі мен тәуекелге көзқарасының индикаторы сөз болып отыр.
Зерттеулер нені көрсетті
«Қаңтар барометрі» идеясына ең ауқымды академиялық талдау жасағандар - Майкл Купер, Джон Макконнелл және Алексей Овчинников. Олардың 1940-2003 жылдар аралығын қамтыған зерттеуі қаңтар айындағы нарық кірістілігі мен кейінгі он бір айдағы нәтижелер арасында статистикалық байланыс бар екенін көрсетті.
Нәтижелер тұрақты болды:
- оң қаңтардан кейін нарық орта есеппен жоғары табыс көрсетті;
- теріс қаңтардан кейін нәтижелер әлсіз болып, инвесторлар сақтыққа көшті;
- бұл айырмашылық тек статистикалық емес, экономикалық тұрғыдан да маңызды болды.
Ең бастысы - бұл байланыс макроэкономикалық көрсеткіштер, іскерлік цикл кезеңдері, саяси факторлар және инвесторлық көңіл-күй индекстері ескерілгеннен кейін де сақталған. Әсер ірі компанияларда да, шағын компанияларда да, өсім акциялары мен құн акцияларында да байқалды.
Айрықша ерекшелік ретінде 1929-1939 жылдар көрсетіледі. Ұлы депрессия кезеңіндегі экстремалды жағдайлар көптеген тарихи заңдылықтарды бұзған.
Қаңтар нақты нені «өлшейді»
Маңызды жайт - қаңтар болашақ табыстың себебі емес. Ол инвесторлардың жыл басындағы бастапқы позициясын бейнелейді.
Қаңтарда бірнеше маңызды процесс қатар жүреді:
- портфельдер қайта теңгеріледі;
- пайыздық мөлшерлемелер мен инфляцияға қатысты күтулер қайта бағаланады;
- компаниялардың табыстылық болжамдары жаңартылады;
- кірістің ірі эмитенттерге шоғырлану деңгейі айқындалады.
Осының нәтижесінде тәуекелге баруға дайындық пен қорғаныс стратегиясы арасындағы базалық теңгерім қалыптасады. Егер сыртқы орта күрт өзгермесе, бұл теңгерім жыл бойы сақталуы мүмкін.
Неліктен бұл себеп-салдарлық сигнал емес
«Қаңтар барометрінің» статистикалық тұрақтылығына қарамастан, оның нақты теориялық механизмі жоқ. Академиялық зерттеулердің өзінде бұл құбылыс себеп-салдарлық байланыс емес, корреляция екені ашық айтылады.
Сондай-ақ бұл заңдылықтың ұзақ жылдар бойы кездейсоқ сәйкес келулердің нәтижесінде нарықтық практикада бекіп қалған болуы да мүмкін. Сондықтан оны дербес болжам ретінде қабылдау қате.
Басқа күнтізбелік индикаторлармен салыстыру
Нарықта «қаңтар барометрімен» қатар жылдың алғашқы бес сауда күні ережесі немесе түрлі қысқа мерзімді индикаторлар жиі айтылады. Алайда деректер көрсеткендей, мұндай көрсеткіштердің болжамдық күші әлсіз, әсіресе жыл теріс басталған жағдайда.
Осы тұрғыдан алғанда қаңтар тұтас ай ретінде бірнеше жеке сессияға қарағанда нарықтық көңіл-күй туралы анағұрлым мазмұнды ақпарат береді.
Неліктен классикалық «қаңтар әсері» әлсіреді
Соңғы зерттеулер классикалық «қаңтар әсерінің» 2000 жылдан кейін айтарлықтай әлсірегенін көрсетеді. Бұған нарық құрылымының өзгеруі әсер етті:
- пассивті инвестициялардың өсуі;
- ETF-тердің кең таралуы;
- ірі технологиялық компаниялардың басымдыққа ие болуы.
Нәтижесінде маусымдық ауытқулар әлсіреп, айлар арасындағы айырмашылықтар бұрынғыдай айқын болудан қалды.
Инвесторлар бүгінде «қаңтар барометрін» қалай қолданады
Қазіргі таңда «қаңтар барометрі» дербес шешім құралы емес, контекстік индикатор ретінде пайдаланылады. Ол:
- жыл басындағы нарықтың жалпы көңіл-күйін бағалауға;
- оны макроэкономикалық жағдаймен және орталық банктердің саясатымен салыстыруға;
- инвесторлардың «тәуекелге бару» немесе «қорғанысқа көшу» режимін анықтауға мүмкіндік береді.
Қаңтар дайын жауап бермейді, бірақ нарықтың жаңа жылға қандай күйде кіргенін алғашқылардың бірі болып көрсетеді.

Соңғы 2 жылдағы vs S&P 500 портфелінің көрсетілімі мен салыстырмалы күші. Дереккөз: Google Finance, Freedom Broker
S&P 500 қарсы портфельдің салыстырмалы күші. Дереккөз: Google Finance, Freedom Broker
Қандай компаниялар мен құралдарға назар аудару керек
Сарапшылардың бағалауынша, теңгерімді портфель ірі капиталдандырылған акциялар мен көгілдір фишкалардың әртараптандырылған жиынтығынан, сондай-ақ өсім секторлары мен облигациялық ETF-терден құралады.
Портфель ірі және орташа капиталдандыру компанияларының акцияларын және биржалық инвестициялық қорларды қамтиды. Ұсынылатын инвестициялық көкжиек - 6 айдан 3 жылға дейін. Тәуекелдерді басқару құралдардың түрлері, секторлар және капиталдандыру мен стиль бойынша лимиттер арқылы жүзеге асырылады.
Соңғы 2 жылдағы портфельдің S&P 500-мен салыстырғандағы көрсеткіші. Дереккөз: Google Finance, Freedom Broker.
Негізгі акциялар
- Microsoft Corporation - бұлтты шешімдер мен жасанды интеллекттің өсуі, жоғары маржа және тұрақты корпоративтік кірістер. Өсу әлеуеті - 35%, тәуекелдер - бұлт бизнесінің баяулауы және күрделі шығындардың артуы.
- Taiwan Semiconductor Manufacturing Company (TSMC) - озық микрочиптер нарығының көшбасшысы, есептеу мен жасанды интеллект үшін негізгі жеткізуші. Өсу әлеуеті - 17%, тәуекелдер - геосаясат және жартылай өткізгіштер циклділігі.
- Apple Inc. - экожүйенің тұрақты ақша ағыны, сервистік табыстың өсуі және ауқымды кері сатып алулар. Өсу әлеуеті - 17%, тәуекелдер - смартфон нарығының қанығуы және реттеу.
- Alphabet Inc. - цифрлық жарнамадағы үстемдік, мықты баланс және бұлтты сервистердің табысқа қосқан үлесі. Өсу әлеуеті - 12%, тәуекелдер - жасанды интеллектке негізделген іздеу бәсекесі және антимонополиялық істер.
- Mastercard Incorporated - қолма-қол ақшасыз төлемдердің құрылымдық өсімі, жоғары маржа. Өсу әлеуеті - 22%, тәуекелдер - комиссияларды реттеу және тұтынудың баяулауы.
- Amazon.com, Inc. - бұлтты сервистер мен жарнама есебінен кірістіліктің артуы. Өсу әлеуеті - 24%, тәуекелдер - инвестициялық шығындардың өсуі.
Қорғаныш құралдар
- SPDR Gold Trust - макроэкономикалық тұрақсыздық кезінде портфельді қорғау құралы. Өсу әлеуеті - 7%, тәуекел - нақты пайыздық мөлшерлемелердің өсуі.
- iShares 20+ Year Treasury Bond ETF - капиталды қорғау және мөлшерлемелердің төмендеуіне ставка. Өсу әлеуеті - 12%, тәуекел - инфляциялық факторлар.
Қаңтардың алғашқы апталарындағы қозғалыстар маусымдық факторларға емес, пайыздық мөлшерлемелерге қатысты күтулерді қайта бағалауға, экономикалық өсімнің тұрақтылығына және ірі компаниялардағы табыстың шоғырлануына байланысты қалыптасады.
Тарихи тұрғыдан «қаңтар барометрі» бойынша қорытындыны тек ай соңында жасау орынды. Ол нарықты нақты болжай алмайды және іргелі талдауды алмастырмайды. Бірақ ол инвесторлардың жаңа жылды қандай көңіл-күймен бастағанын көрсететін маңызды индикатор болып қала береді.