6314

Бүгінгі шағын мақаламызды Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Академиясында 7 жылдан астам еңбек етіп келе жатқан подполковник Тұрлыбаев Рүстем Кәрібайұлына арнамақпыз.

Рустем Кәрібайұлы Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданы Үлгі ауылында 1985-ші жылы 3 сәуірде дүниеге келген. Үлгі ауылында туылуы алдағы өміріне де әсер еткендей, себебі бала кезінен өзімен қатарлас достарына үлгі бола білді. Жастайынан шымыр өскен Рустем спортқа жақын болды. Кейін өмірін спортпен жалғап үлкен спортқа қадам басуды да ойлағанын айтады. «Егер ауылға қаладан әскери киім киген таныс жігіт келмегенде, спортшы болам деген арманымды жүзеге асырар едім.«Сол сәттен бастап әскери болу туралы арманым жеңе бастады» - дейді Рустем.

Таныс туыстардан әскери адамға қойылатын талаптарды біліп, осылайша бастысы шымыр, спортқа жақын белсенді болу керектігін түсінген Рүстем, сол күннен бастап спортпен аса қарқынды айналыса бастайды. Осылайша жас жеткіншек қалаға келіп спорт мектебіне түсіп оқуын жалғастырады. Спорт саласында да айтарлықтай жеңістерге қол жеткізіп, грек-рим күресінен  бірінші санаттағы спортшы атанған.

Кейін арманы жетелеп Рустем Петропавл қаласындағы Ұлттық ұланның Әскери оқу орнына оқуға түседі. Тәрбие және әлеуметтік құқықтық жұмыстар бойынша командалық тактика мамандығын тәмамдап, әскери педагог-психолог санатын алып, 2007 жылы оқу орнын тәмамдайды.

Аз да болса әскери өмірдің қыр сырын меңгерген Рустем Кәрібайұлы нағыз әскери қызметкер өмірін енді бастайды. Алғашқы жұмыс орны Орал қаласында 5517 әскери бөлімінде басталды. Кейін Ақтау қаласындағы 6656 әскери бөліміне ауысады. Өмірінде осы күнге дейін көз алдында қалған кез 2010 жылы Ақтау қаласындағы түрмеден сотталғандардың топтасып қашуы. Сол кезде Рүстем Кәрібайұлы сотталғандарды бақылау тобына жауапты офицер болады. Қолға түсіру жоспары жарияланып қаладан шыққан 16 сотталғанды аулау операциясы өткізіледі. Қаруланған сотталғандар қарсылық білдіреді. 5 күнге созылған операция кезінде соңғы қылмыскерлер Өзбекстан шекарасында ұсталып, операция соңында 16 сотталғанның тек үшеуі қолға түсіп, басқалары қарулы қарсылық кезінде көз жұмады. Кейін Рүстем Кәрібайұлы «Қайсар» төсбелгісімен марапатталған.

Бұдан кейін де бірнеше лауазымдарда әр түрлі қалаларда қызмет атқарған Рүстем Кәрібайұлы, батальон командирінің орынбасары лауазымына дейін өскен, атаулы салада байқауларға қатысып бірнеше рет үздік орындарға ие болған. Сол сайыстардың бірі 2019-ы жылы  Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығы өткізген «Үздік батальон командирінің орынбасары» атағын жеңіп алады. 

Айта кетейік, биыл Ұлттық ұлан академиясында батальон командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі ең үздік орынбасарына байқау-конкурс өткізілді, оның қорытындысы бойынша да Рүстем Кәрібайұлы 1 орынға иеленіп үздік атанды.

Бүгінде Рүстем Кәрібайұлы кіндік қаны тамған туған жері Солтүстік Қазақстан облысында ата анасының жанында тұрып жатыр. Қызметте құрметке ие, арманы әрине әр әскери сияқты генерал болу,  қос ұл бір қыздың әкесі. Болашаққа нақты жоспармен, үлкен арманмен қадам басып келе жатқан әріптесіміздің барлық арман мақсаты мен іс-жоспары жүзеге асады, деп сенеміз.

Аға лейтенант Олжас ӘДІЛБЕК,

Петропавл қаласы

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -