Алматыда донорлық жүректің алғашқы трансплантациясы Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ-да жасалды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Ұзақтығы 6 сағаттан асқан күрделі операция Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталықпен бірлесіп, еліміздің жетекші кардиохирургы Юрий Пяның тікелей басшылығымен жасалды.
«Алматыда жүректі алғашқы алмастыру Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталық мамандарының қолдауы мен Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ командасының үйлесімді жұмысының арқасында мүмкін болды» Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ Басқарма төрағасы Марат Пашимов
Марат Орынбасарұлының айтуынша, органдардың донорлығы бойынша құқықтық және заңнамалық базаның құрылуы, кадрлық, зияткерлік, ғылыми және ресурстық әлеуеттің болуы, жақсы материалдық-техникалық базаны құру бүгінде еліміздің медициналық орталықтарында органдарды трансплантациялау бойынша операцияларды жасауға мүмкіндік берді.
Елімізде донор тапшылығы бар. С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ ректоры Марат Шоранов, елімізде 4 мыңға жуық науқас адамның өмірлік маңызды мүшелері трансплантациялауды қажет ететінін, жүректі трансплантациялау сияқты операциялар көп адамның өмірін сақтауға көмектесетіндігін атап өтті.
«Алматының 53 жастағы тұрғыны органдар доноры болды, ол екінші рет мидың өліміне әкеп соқтырған ишемиялық инсультқа шалдыққан. 2023 жылғы 13 шілде күні туыстарының келісімінің арқасында 13 жасында жұқпалы зақымдануына байланысты барлық жүрек қақпақшаларын ауыстыру операциясынан өткен күрделі жүрек ауруынан (қақпаншалық кардиомиопатия) зардап шегіп жүрген 23 жастағы жас жігіттің өмірі сақталды. Жүрек ауруының өршуі басқа операция жасауға мүмкін еместігіне және жүрек трансплантациясынсыз ұзақ өмір сүрудің де мүмкіндігі аздығына әкелген. Енді науқас жүректі сау жүрекке ауыстырғаннан кейін пациенттің сапалы және ұзақ өмір сүруіне мүмкіндігі бар» Кардиохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Рүстем Төлеутаев
«Жүрек трансплантациясы - соңғы сатыдағы жүрек жеткіліксіздігінің ең тиімді терапиясы. Енді сырқат жүректі сау жүрекке ауыстырғаннан кейін пациенттің сапалы және ұзақ өмір сүруіне мүмкіндігі бар» Рүстем Төлеутаев
Адамгершілік, мейірімділік пен жанашырлық сияқты жақындарының адами қасиеттерінің арқасында бірнеше адамның өмірі сақталды. Марқұмның туыстарының осындай әрекеті құрметке лайық. Олардың шешімі дұрыс болды және жап-жас жігітке екінші өмір сыйлауға мүмкіндік берді. Жүрек басқа адамда соғуын жалғастырады.
Оңтүстік астанада алғаш рет жүргізілген жүрек трансплантациясы операциясының сәтті өтуіне ешкім күмәнданбады, себебі үлкен команданы әйгілі кардиохирург Юрий Пя басқарды.
Пациенттің жағдайы тұрақты, оң динамикада.
«Қазір, әрине, мен өзімнің жағдайымды әлі бағалай алмаймын, өйткені оңалтудан өтуім керек. Бірақ, жалпы, өзімді жақсы сезінемін. Жүрек ауыстыру операциясына қуана келістім. Маған өмір сүруге мүмкіндік берген барлық дәрігерлерге, хирургтарға алғыс айтамын. Бәрі жақсы болатынына сенемін» Деп, 23 жастағы науқас өз сезімімен бөлісті