Тараздық құраманың ерекшелігі

11022
Фотосурет: Ұлттық ұлан

Тараз жайлы таңды таңға ұрып айтуға болары шындық. Талас өзені бойында созылып жатқан екі мың жылдан аса тарихы бар ежелгі қала. Өзінде жарты миллионнан аса адам тұрса, оның сыртында бес жүз мыңның асты-үстіндегі тұрғын осы қаламен тағдырларын байланыстырған. Осыдан-ақ, Тараздағы халық нөпірін бағамдай беріңіз.

Тараз жайлы ой қозғағанда...

Тараз – әлемге ежелден Ұлы Жібек жолы бойындағы сауда-саттық дамыған, салмақ өлшеу құралы – таразы ойлап табылған шаһар. Тараз – қолөнер керамикасы, алтын, күміс зергер бұйымдары, сұлу ару қыздары, қайтпас қайсар жауынгерлері, ғұлама, ойшылдары, ақындары арқылы танылған көне қала. Тарих біздің өткеніміз. Сол өткенге үңілсек, Тараз қаласы өзінің екі мың жылдан аса тарихында өркендеу мен құлдырау кезеңін бастан өткеріп, талай атауға да ие болды. Көне мен жаңаны байланыстыра білген ежелгі қала рухани орталыққа айналып отыр. Асанқайғы бабамыз айтқан «Таяқ тастасаң тал болып көктейтін» мекен – осы.

Тараздың тыныштығы сенімді қолда

Тараз шаһарының тыныштығын қамтамасыз ету бұл мемлекеттік стратегиялық міндеттердің бірі. Әуелі, тыныштық жайлы аз-кем ой толғайықшы. Қай мемлекеттің болсын айбарын асқақтатып, халықтың тыныштығын қорғауда елдің ішкі қауіпсіздігі маңызды рөл атқарады. Азаматтардың құқықтары қорғалып, кез келген ірілі-ұсақты құқық бұзушылыққа қарсы ымырасыз күрес жүргізіп, темірдей тәртіп сақталған жерде ғана мемлекет экономикасының абыройы артып, дамудың жаңа кезеңіне сенімді қадам басатыны сөзсіз.  Тыныштықсыз, ел бірлігісіз ел егемендігінің арайлы күндері санаулы болары, қуаныштың арты бір-ақ тұтам болары анық. Ал күндіз-түні қалғымайтын қызу өмірі қайнап жататын Тараздың тыныштығын қамтамасыз ету тек айта салғанға оңай шығар. Мәселенің осы жағынан келгенде, ішкі қауіпсіздігімізді қадағалаудың айнасына айналған Ұлттық ұланның атқарып жатқан қызметі айтарлықтай екенін анық аңғарамыз.

Әңгіме көне қала жайлы өрбіп отырған соң қайтып оралайық. Тараздың қоғамдық тәртібін қамтамасыз ететін Ұлттық ұланның 5513 әскери бөлімі. Бүгінгі біздің оқырманмен бөлісер ақпаратымыз да осы құрама жайлы. Бұл ұжым «Біз Тараздың тыныштығын сенімді қорғайтын боламыз» дейді бірауыздан.

Өткен күн – бүгінгі тарих

Ел тарихын, мәдениетін білу – әрбір адамның міндеті. Ал, өткенді білмей болашаққа көз жүгірту мүмкін емес. Иә, тарих қойнауына бір сәт көз жүгіртсең, бүтін бір қазақ елінің талай-талай белестерден өтіп, сол белестен өту жолында неше түрлі құрбандық бергенін көресің. Өткенге көз жүгірту арқылы – қазіргі бейбіт өміріміздің, тәуелсіздіктің бал дәмін сезінеміз. Олай болса бір сәт артқа көз салып кетейік. 

Қауіпсіздіктің қалқаны, егемен еліміздің қорғаны Ұлттық ұланның жауынгерлік жылнамасы сонау тәуелсіздікпен қатар жазылып келе жатқандығын білеміз. Тәуелсіздіктің елең-алаң шағында елдің ертеңі мен қауіпсіздік қамы үшін құрылған Ішкі әскердің атқаратын міндеттері аса маңызды еді.  Ел бірлігін сақтау, тыныштықты қамдау басты мақсат болды.

Ішкі әскер, қазіргі Ұлттық ұлан маңызды мемлекеттік нысандарды және тасымалдау кезінде арнайы жүктерді күзету, қазіргі уақытта банкнот, монета және медальдар шығаруға, құнды қағаздарды сақтауға қатысты мемлекеттің стратегиялық нысандарының, сондай-ақ электр энергиясымен жабдықтау, уран өндіру, ядролық физика институты нысандарын сенімді күзетілуін қамтамасыз етуді қолға алды.

 Осы мақсатта Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1992 жылдың 25 ақпанындағы № 158 Қаулысымен Тараз қаласында Қазақстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерлерінің жеке моторланған милиция батальоны, яғни 5513 әскери бөлімі құрылды. Яғни, Қазақстанның Ішкі әскері құрылғаннан кейін, ол өзінің құрылымын кеңейтіп, жер-жерден әскери бөлімдері мен бөліністерін жасақтай бастады. Осы күннен бастап 25 ақпан 5513 әскери бөлімнің құрылған күні болып саналады.

Бастапқыда 3670, 5512, 6506 әскери бөлімдерінен келген әскери қызметшілер 5513 әскери бөлімінің негізін құрады. Алғашқы кезеңде барлық жеке құрам саны 200-дей ғана болатын. Жаңа құрылған  ұжымның бірінші командирі  подполковник Шапавалов Валерий Петрович 1994 жылға дейін қолбасшылық етті.

Бөлімнің 30 жылдан аса жүріп өткен тарихи жолына назар салсақ,  республикалық,  облыстық және  қалалық  ауқымдағы маңызды міндеттер атқарғандығына көз жеткіземіз. Солардың бірқатарын тілге тиек ете кетейік:

1992 жылы «Қазмежрайбаза» қоймасындағы өрт  кезінде 15 миллион рубльді құрайтын  мемлекеттік мүліктің жанып кетуіне жол берілмеді; 1993 жылы Мойынқұм  ауданындағы  апат кезінде малды сақтап қалуға үлкен үлес қосты; 1995 жылы Абай  Құнанбаевтың 150  жылдығын, 2002 жылы Тараз қаласының 2000 жылдығын атап өту барысында қоғамдық тәртіпті және қауіпсіздікті бақылауға алды. 

2004 жыл 27 қыркүйекте «Жетісу-2004» республикалық стратегиялық  командалық-штабтық жаттығуда жақсы нәтиже көрсеткені үшін 5513 әскери бөлімінің жеке құрамына Қазақстан Республикасы Қорғаныс Министрлігінің армия генералы М.Алтынбаев алғыс білдірді.

2006 жылғы 11 қарашада атқыштар батальонының 2 атқыштар ротасы күзетіп тұрған қатаң режимдегі № 26 түзеу мекемесінен қашуды ниет қылған сотталған азаматтың жолын  № 8 және № 9 бекеттердің сақшылары қатардағы З.Закиров пен қатардағы А.Тулентаев  кесті.

 2013 жылы бөлімнің жеке құрамы Қаратау қаласындағы табиғи апат зардаптарын жоюға қатысты. 2014 жылы Мерке ауылындағы тауда болған өртті сөндіруге жұмылдырылды. 2015 жылы Тараз қаласында Қазақ  хандығының 550 жылдығына арналған салтанатты шараның өткізілуіне белсенді атсалысып, қоғамдық тәртіпті және қауіпсіздікті қамтамасыз етті.

Сонымен қатар, бөлімнің жеке құрамы 2016 жылғы 25-29 қазан аралығында қардың қалың жаууы салдарынан сынған 8000-ға жуық ағашты жинап, Тараз қаласының көлік және жаяу жүргіншілерге арналған жолдарын тазартуға тартылды.

2020 жылы ақпан айында Жамбыл облысының Қордай ауданында төтенше жағдай болып, Сортөбе, Ауқатты, Бұлар батыр, Масаншы елді мекендерінде жаппай тәртіп бұзушылық орын алған кезде бөлімнің жеке құрамы үш ай бойы өздеріне жүктелген міндеттерді абыроймен атқарып шықты. Ел басына күн туғанда, әрдайым дайын тұратын ұландық жауынгерлер халықтың тыныштығын күзету ісінде қызметтеріне адал екендіктерін дәлелдеді. Ел сенімін ақтады. Оған дәлел – жергілікті тұрғындардың ұландықтарға деген алғыстары мен ел ақсақалдарының берген бата-тілектері.

2021 жылғы тамызда Тараз қаласының іргесіндегі Байзақ ауданында орналасқан Қорғаныс министрлігінің әскери қоймасында болған жарылыс кезінде, бөлімнің жеке құрамы эвакуацияланған ауылдарда мародерлікке жол бермеу мақсатында Жібек жолы, Байзақ, Сарыкемер, Бурыл елді мекендерінде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету қызметтін атқарды. Ал 26 тамыздан бастап әскери жедел резервтің жеке құрамы Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі әскери бөлімнің инженерлік мүлік қоймасындағы жарылыстың салдарын жоюға тартылды. Сондай-ақ, әскери қойма аумағына жақын жерлерден қаза тапқан және хабар-ошарсыз кеткен әскери қызметшілерді іздестіруге жұмылдырылды.

Дүйім елді дүрліктірген қаңтар оқиғасы Тараз қаласының да мазасын алды. 5-6 қаңтар күні бөлімнің жеке құрамы қаладағы жаппай тәртіпсіздіктердің жолын кесуге қатысты. Күштік құрылымдар мекемесінен ұрланған қару-жарақты іздеу барысында, қырағылық танытып, қаланың әр жерінен қару-жарақ пен оқ-дәрілерді тапты.  Ұландықтардың қатарында қиындыққа мойымайтын, қандай жағдай болса да, бұғып қалуды білмейтін жауынгерлер жүргенін осы төтенше оқиға  тағы бір дәлелдеп өтті. Бұл сарбаздардың, ең алдымен моральдық-психологиялық дайындықтарын көрсетті.

Аршынды адым

5513 әскери бөлімі Тараз қаласының Төле би көшесінде, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің әскери полиция басқармасының тура іргесінде қоныс тепкен.

Қазақ елінің экономикасы өрістеп, қуаты артқан сайын құқық қорғау органдарының инфрақұрылымдары, оның ішінде Ұлттық ұлан тәуелсіздік жылдары лайықты даму жолынан өткеніне тарих куә екенін жоғарыда айтып өттік. Оған құрылғанына бас-аяғы отыз жылдың жүзі болған азаматтардың алаңсыз қызмет атқарулары үшін мемлекет тарапынан барлық қолайлы жағдай жасалғанына 5513 әскери бөлімі және бір дәлел бола алады. 

Айта кетейік, Мемлекет басшысының Ұлттық ұланды сапалық және сандық жағынан нығайту бойынша тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында қаңтар оқиғасынан кейін таяуда штаттық құрылымға арнайы мақсаттағы отряд енгізіліп, полк екі есе кеңейіп, бригада деңгейіне дейін өсті. Бүгінде бұл бөлініс штатпен толық жабдықталған. Отрядтың шоғырлануына бөлімнің орталығынан бөлек орналасқан атқыштар батальоны аумағында арнайы модульдік ғимарат салынып, барлық керек жабдықтармен қамтамасыз етілген.

Қазіргі таңда 5513 әскери бөлімі өзіне міндеттелген әр істі аса ұқыптылықпен орындауда. Мұнда шамамен 1500-ден аса әскери қызметші жауынгерлік қызмет атқарады. Тараздық бригаданың басқа құрамалардан бір ерекшелігі тек қаладағы қоғамдық тәртіпті сақтап қана қоймай, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерін күзету, ондағы сотталғандарды қадағалау және күзет пен ұстау мен айдауылдау қызметі сынды жұмыстар атқарып, ел тыныштығын күзетеді. Олар ішкі істер органдарымен бірге қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, жаппай тәртіпсіздіктердің жолын кесуге атсалысады. Сонымен қатар төтенше жағдайдың, терроризмге қарсы операциялардың құқықтық режимін қамтамасыз етуге қатысады. Атап айтсақ, бұл бригадаға артылған міндет аз емес. Дегенмен әскер деген шыңдап, шынықтыратын өмір мектебінен абыройлы міндет атқарып шыққан сарбаздар үшін бұл күнделікті қызмет қана.

Ел үшін жан алысып, жан беріскен ерлердің арқасында ұлан-ғайыр жерге иеміз. Жер көлемі бойынша әлемде 9-шы орындамыз. Тарихтан оқып, білгеніміздей халқымыз өздігінен өзгеге тиіспеген. Көршілердің жеріне көз алартпаған. Ал, басқалар басынғысы келіп, бодандық қамытын саламыз десе, бытырап, шашылып жатқан халық әп сәтте жұдырықтай жұмылып, бастары бірігіп, тас түйін болып түйіліп, қандай болмасын жауына тойтарыс бере білген. Сондықтан, еліміздің ана шеті мен мына шетіне ат айлап жүрсе, жүйткіген пойызыңның өзі де 4 тәуліктен астам гүрсілдеп әрең жетеді. Осы жерімізді қорғап, шекарасын қызғыштай қорып, ұлттық қауіпсіздігімізді баса назарда ұстау бүгінгі ұрпақтың еншісінде.

- Біздің әскери бөлім аралас қызмет атқарады. Атқыштар батальоны бөлімнің орталығынан бөлек аумақта орналасқан. Бізге жүктелген басты міндеттер – Тараз қаласының қоғамдық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, түзеу мекемесін күзету және сотталған азаматтарды айдауылдау. Әскери бөлім жеке құрамы ішкі істер органдарымен бірге қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша Тараз қаласында  патрульдік-бекеттік қызмет атқарады. Көпшілік қоғамдық-саяси, спорттық және басқа іс-шараларды өткізу барысында, апаттар мен зілзалалардың салдарын жою кезінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етеді. Бөлімнің жеке құрамы осындай міндеттерді қажет болған жағдайда, Қазақстан Республикасының басқа елді мекендерінде де орындайды.

Әскери бөлімнің жеке құрамы өзіне жүктелген барлық қызметтік-жауынгерлік міндеттерді абыроймен орындап келеді. Осы жауынгерлік-қызметтік міндеттерді орындауда әр әскери қызметшінің алатын орны бөлек. Әр әскери қызметшіміз Отаны мен туған еліне қызмет етуді өзіне абырой санайды. Бүгінде бөлімде өзінің үлгілі тәртібімен, асқан шеберлігін көрсетіп, абыроймен жұмыс атқарып жүрген азаматтарымыз баршылық. Айталық, үздік қарауыл бастығы аға сержант Еділбек Төлепбергенов, айдауылдау бөлімшесінің командирі сержант Азамат Олжабаев, инженерлік-техникалық күзет құралдарының үздік маманы сержант Ерік Егінбаев, әскери жасақ бастығы сержант Жұмабек Байғұтиев, кинологиялық қызмет мамандары взводының аға маманы кіші сержант Халим Әлімқұловты ерекше атап өтуге болады. Басқа әскери қызметшілер де олардан үлгі алады деген ойдамын, - дейді бригада командирі полковник Ғазиз Кәдірбек.   

Сырт көз - сыншы. Жауынгерлермен тілдесу арнайы келісіміздің бас жоспарындағы бар дүние. Бригаданың жауынгерлерімен әңгімелесіп, ой-пікірлерін де білдім. Әр түрлі сауалдар қойдым. «Араларында «әлімжеттік» бар ма» деп те суртпақтақ сұрақ қоямын, ал олар болса бір ауыздан тек жоқ деген сөзді қайталап, «Тамағымыз тоқ, алаңсыз елге қызмет атқарып жатырмыз, подполковник мырза» дейді. Жас жауынгерлердің көздерінде от, жанарларында ұшқын. Аса бір ыждаһаттылықпен Отан алдындағы борыштарын өтеп жатқандарын аңғару да қиын емес.

Алматылық, 1-ші жедел мақсаттағы ротаның жауынгері Алишер Идаятов: «Мен өзімді Ұлттық ұлан жауынгері болып елімді қорғауға атсалысқаным үшін мақтанамын. Ол мен үшін үлкен абырой. Отансүйгіштік дегеніміз - өз жеріне, өз халқына деген сүйіспеншілік қана емес, сонымен қатар өз Отанын анам, жаным, жүрегім, өмірім, қаным деп қарап, өмірін қиюға даяр бола алу. Мен Отаныма адал қызмет ете бермекпін» деп ағынан жарылды. Ал 1-ші атқыштар ротасының жауынгері Рамазан Селиқанов әскер қатарына Көкшетау қаласынан шақырылыпты. «Өзімнің Ұлттық ұлан қатарында әскери борышымды өтеуге шақырылғанымды тағдырдың маған берген сыйы деп білемін. Өйткені, Отан ананы қорғап, өзімнің бір қажетке жарап жүргенімді сезіну қандай бақыт десеңізші. Адам қиыншылықты көрмесе, жеңілдіктің қадірін біле ме, жүрегінде сарғайған сағынышы болмаса, өзіне не қымбат екенін бағамдай алар ма еді. Мен бір ауыз сөзбен жоқ деп айтар едім. Бүгін біз әскери өмірде аз-кем ауыртпашылық көрсек те, бойымыздағы Отанға деген ыстық ықыласымызды шыңдап, оның қадірін жете ұғынудамыз. Ата-ана, отбасыларымызды сағына отырып, туған ел, туған жердің құдіретін және бағамдағандай болдық десем артық айтқандық болмас», дейді өрелі жауынгер.

Бүгінде бригаданың техникалық жарақтандырылуы жоғары дәрежеде. Жауынгерлік қызметті атқаруға құрал-жабдықтармен әр сарбаз қамтамасыз етілген. Күні кеше биыл көктемде әскер қатарына шақырылған жауынгерлер Әскери анттарын қабылдап алғашқы жауынгерлік міндеттеріне кіріскелі отыр.

Подполковник Бауыржан Қансеитовтің айтуынша, жауынгерлік қызметпен қоса жауынгерлердің тәрбиесі мен танымдық өресін арттыруға үлкен көңіл бөлінеді екен. Мәселен, күнделікті тәрбие сағаттарынан өзге жауынгерлер қаладағы танымдық орындарға саяхаттауға жиі шығып тұрады. «Мұндағы сарбаздардың 70-80 пайызы ауылдық жерде туып өскен балалар. Көпшілігі Таразды тек естігені болмаса, жол түсіп көрмегендер. Біз олардың өздеріне жақсы болу үшін, «Иә, кезінде әскерде болғанымда анда-мында барған болатынмын» деп ерекше сезіммен айтып отырулары үшін оларды әр аптаның соңғы күндері мұражайларға, саябақтарға, театрға және кинотеатрларға апарып тұрамыз. Бұл да адам тәрбиесінің бір тетігі», - дейді құраманың бас тәрбиешісі.

Бөлімнің құрылған күнінен бастап жеке құрам әскери борышты мүлтіксіз атқарудың үлгісін көрсетіп келеді. Әскери бөлімнің қалыптасуы мен дамуы жолында бөлімнің жеке құрамы ерлік пен батырлық үлгілеріне толы даңқты жауынгерлік жолдан өтті. Тәуелсіз мемлекетіміздің құқықтық тәртіп әскері қатарында аянбай қызмет етіп, нағыз майталман маманның өнегелі жолын көрсетіп келеді. Аға буынның жарқын үлгісі жас мамандар үшін тәлімгерлік  жол көрсетуде.

Қазіргі уақытта Тараздық бригаданың әскери қызметшілері Отанға адал қызмет етіп, жоғары жауынгерлік әзірлікте болу және қырағылық пен табандылықтың үлгісін көрсетуден таймай келе жатыр. 

Қорыта келгенде, құқықтық тәртіп әскері – мемлекетіміздің ішкі қауіпсіздігінің қалқаны дейміз. Ендеше осындай маңызды міндетті атқарып отырған оңтүстіктегі құраманың бірегейі, жедел мақсаттағы қызмет пен айдауылдау және түзеу мекемелерінің күзетін бірге алып жүрген 5513 әскери бөлімінің атқарып отырған қызметіне тек табыс пен табандылық тілейміз.

Подполковник Бақыт Әліпбаев,

«Оңтүстік» ӨңҚ

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -