Қазақстан Ұлттық банкі (ҚҰБ) банктерге қойылатын минималды резервтік талаптарды (МРТ) одан әрі арттыру ықтималдығын жоққа шығармайды. Реттеуші мұндай шешімге 2026 жылғы қыркүйектен кейін де ақша нарығындағы артық өтімділік төмендемесе, баруы мүмкін екенін құжат деңгейінде нақтылап отыр, деп хабарлайды DKNews.kz.
Құжаттағы логика мынадай: егер үшінші кезеңнен кейін артық өтімділік қайта өсіп, ал МРТ арқылы "байланған" өтімділіктің үлесі артық өтімділіктің 50%-ынан төмен түссе (6 айлық орташа көрсеткішпен), онда ҚҰБ МРТ-ны қосымша қатаңдатудың орындылығын қарастырады.
ҚҰБ неге резервтерді "құрал" етіп отыр?
Инфляциямен күрес тек базалық мөлшерлемемен бітпейді. ҚҰБ соңғы уақытта банк жүйесіндегі "бос" ақшаны азайту үшін МРТ-ны көтеруді таңдады. Себебі резерв ретінде "қатып" қалған қаражат айналымға түспейді - демек, нарықтағы қысым да бәсеңдеуі тиіс.
Қысқасы, логикасы қарапайым: ақша көп болса - бағаға қысым көп.
Үш кезең: қазір не бар, алда не күтіледі?
ҚҰБ МРТ-ны өсіруді үш кезеңге бөліп отыр.
1-кезең (2025 жылғы қыркүйектен бастап)
Банктер ҚҰБ-та:
- теңгедегі міндеттемелерінің 3,5%-ын,
- валюталық міндеттемелерінің 10%-ын сақтауға міндеттелді.
Реттеушінің бағалауынша, бұл қадам:
- өтімділік профицитін 7,7 трлн теңгеден 5,8 трлн теңгеге дейін азайтты,
- резервтер көлемін 0,8 трлн теңгеден 2,6 трлн теңгеге дейін өсірді.
2-кезең (2026 жылғы сәуірден бастап)
- теңге бойынша МРТ - 3,5% деңгейінде қалады,
- валюта бойынша - 12%-ға дейін өседі. Жалпы "алып қою" көлемі 3,5 трлн теңгеге жетеді деп көрсетілген.
3-кезең (2026 жылғы қыркүйектен бастап)
- теңге бойынша - 5%,
- валюта бойынша - 15%. Жалпы көлем 3,9 трлн теңге болады деп күтіледі.
Банктер неге қарсы?
Бұл саясат банктерге бастапқыдан ұнамады - себебі резервте жатқан ақша табыс әкелмейді. Яғни бұл талап күшейген сайын банктердің:
- еркін ресурсы азаяды,
- пайыздық табысы қысқарады,
- маржасы төмендейді.
Енді ҚҰБ "қажет болса, бұдан да күшейтеміз" деп отыр. Бұл банктер үшін қысымның әлі аяқталмағанын аңғартады.
Негізгі тәуекел - "артық қатаңдық"
ҚҰБ-тың мақсаты түсінікті. Бірақ МРТ шектен тыс өссе, оның жанама салдары да болуы мүмкін:
- несие берудің қарқыны баяулауы ықтимал,
- бизнес пен халық үшін қарыз алу қымбаттауы мүмкін,
- қаржы нарығында жүйкелік артуы мүмкін.
Сондықтан нарықта "ипотекадағы ЖТСМ (жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі) төңірегіндегі жағдай сияқты болып кетпесе екен" деген алаң бар. Өйткені қатаң реттеу кейде нарыққа күтпеген әсер беріп, кейін қайта түзетуге мәжбүрлейді.
Әзірге ҚҰБ нақты "тағы көтереміз" деп кесіп айтқан жоқ. Бірақ шартын қойып отыр: егер үшінші кезең нәтижесі артық өтімділікті ұстап тұра алмаса, МРТ-ны қайта күшейту күн тәртібіне келеді.