Қазақстанда екінші жолбарыс еркіндікке жіберілді. 2026 жылғы 31 қазанда «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватының аумағында Амур есімді аталық жолбарыс табиғи мекеніне шықты. Бұл – елімізде 70 жылдан астам уақыт бұрын жойылып кеткен жолбарыстарды тарихи мекеніне қайтару бағдарламасының кезекті кезеңі. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бұған дейінгі ресми мәліметіне сәйкес, алғашқы жолбарыс 31 шілдеде табиғатқа жіберілген болатын, деп хабарлайды DKNews.kz.
Үш ай бұрын Үміт есімді аналық жолбарыс еркіндікке шықса, енді оған Амур қосылды. Екі жыртқыш та Ресейден жеткізіліп, бірнеше ай бойы арнайы бейімдеу қоршауларында мамандардың бақылауында болған.
Жобаның түпкі мақсаты – Қазақстанда жолбарыстардың өздігінен тіршілік етіп, табиғи жолмен көбейе алатын тұрақты популяциясын қалыптастыру.

Амур табиғатқа қалай дайындалды?
2026 жылғы мамырда Қазақстанға Ресейдің Хабаровск өлкесінен төрт Амур жолбарысы жеткізілген. Олардың екеуі ересек жануар, екеуі күшік болатын.
Амур «Іле-Балқаш» резерватының арнайы жабдықталған бейімдеу қоршауына орналастырылды. Мамандар оның денсаулығын, мінез-құлқын және қорек табу қабілетін тұрақты бақылап отырды.
Табиғатқа жіберу туралы шешім қабылданар алдында аталық жолбарыс кешенді ветеринариялық тексерулер мен мінез-құлық сынақтарынан өтті. Мамандар бірнеше маңызды көрсеткішті бағалады:
- Жануардың жалпы денсаулық жағдайы.
- Өздігінен аң аулау қабілеті.
- Табиғи ортада қорек табу дағдылары.
- Адамға қатысты мінез-құлқы.
- Жаңа мекенге бейімделуге дайындығы.
Сынақ нәтижелері Амурдың жабайы табиғатта өздігінен тіршілік етуге дайын екенін көрсетті. Осыдан кейін оны еркіндікке жіберу туралы шешім қабылданды.
Жолбарысқа спутниктік бақылау қарғыбауы тағылды. Оның көмегімен мамандар жыртқыштың қозғалысын, аумақты игеруін және жаңа ортаға бейімделуін қадағалайды.

Министр: басты мақсат – тұрақты популяция қалыптастыру
Амурды табиғатқа жіберу іс-шарасына Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Данияр Тұрғамбаев, «Амур жолбарысы» орталығының бас директоры Сергей Арамилев және табиғат қорғау саласының мамандары қатысты.
Әлібек Қуантыров бұл оқиғаны Қазақстан табиғатын қалпына келтіру бағытындағы маңызды қадам деп атады.
«Бүгін біз жолбарыстарды Қазақстанға қайтару жолында тағы бір маңызды қадам жасадық. Биыл 31 шілдеде Үміт есімді аналық жолбарыс жабайы табиғатқа жіберілген болатын. Ал бүгін біз екінші жолбарысты – Амур есімді аталықты табиғи ортаға шығардық.
Бұл тарихи оқиға – ұзақ жылдар бойы бірлесіп атқарылған жұмыстың нәтижесі. Осы орайда бағдарламаны жүзеге асыруға көрсеткен қолдауы мен тікелей қатысқаны үшін Ресей тарапына, әсіресе «Амур жолбарысы» орталығы мен оның мамандарына ерекше алғысымды білдіремін. Сондай-ақ Қазақстанның табиғи экожүйелерін қалпына келтіруге және жолбарыстардың оралуына қажетті жағдай жасауға көп жылдан бері үлес қосып келе жатқан Дүниежүзілік табиғат қорына және барлық серіктестерімізге ризашылығымды жеткіземін.
Біздің басты мақсатымыз – осы жыртқыштарды тарихи мекеніне қайтарумен ғана шектелмей, олардың табиғи ортада өздігінен тіршілік етіп, көбейе алатын тұрақты популяциясын қалыптастыру».
Бағдарламаның нәтижесі тек табиғатқа жіберілген жолбарыстар санымен өлшенбейді. Ең маңыздысы – олардың жаңа ортада тіршілік етуі, өздігінен қоректенуі және болашақта көбеюі.

Үміт есімді жолбарыс қазір қайда?
2026 жылғы 31 шілдеде табиғатқа жіберілген Үміт есімді аналық жолбарыс резерват аумағын біртіндеп игеріп келеді.
Мамандардың мәліметінше, ол өздігінен аң аулап, табиғи ортаға бейімделіп жатыр. Жануардың қозғалысы спутниктік қарғыбау арқылы бақыланады.
Бұл – бағдарламаның алғашқы кезеңі үшін маңызды нәтиже. Дегенмен бір жолбарыстың сәтті бейімделуі тұрақты популяция қалыптасты дегенді білдірмейді.
Ол үшін жануарлардың ұзақ мерзімді тіршілігі, қорек қорының жеткіліктілігі және табиғи көбею мүмкіндігі маңызды.

Қазақстандағы екі жолбарыс күшігінің тағдыры қандай?
Ресейден ересек жолбарыстармен бірге жеткізілген екі күшік әзірге арнайы қоршауларда өсіп жатыр.
Олар мамандардың тұрақты бақылауында. Жануарлар қажетті жасқа жеткеннен кейін ветеринариялық тексерулер мен мінез-құлық сынақтарынан өтеді.
Содан кейін әр күшікті табиғатқа жіберу мүмкіндігі жеке қаралады. Әзірге олардың еркіндікке шығатын нақты мерзімі жарияланған жоқ.
Бұған дейін Қазақстан мен Ресей мамандары күшіктерге Тұран және Уссури деген есім берген болатын.

Қазақстанда жолбарыстар неге жойылып кеткен?
Бір кездері Іле өзенінің аңғары мен Оңтүстік Балқаш өңірі Тұран жолбарысының табиғи мекені болған.
Алайда ХХ ғасырдың ортасына қарай бұл жыртқыш Қазақстан аумағынан толық жойылды. Оған тоғайлы ормандардың азаюы, жабайы тұяқты жануарлар санының кемуі және браконьерлік әсер етті.
Жолбарыстарды қайта жерсіндіру үшін алдымен олардың тіршілік етуіне қолайлы табиғи ортаны қалпына келтіру қажет болды.
2018 жылы «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерваты құрылды. Содан бері оның аумағында тоғайлы ормандарды қалпына келтіру, жабайы жануарлардың санын арттыру және табиғат қорғау инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жүргізіліп келеді.

Жолбарыстар үшін 30 құлан қоныс аударылды
Жолбарысты табиғатқа қайтарудың басты шарттарының бірі – жеткілікті қорек қорының болуы.
Осы мақсатта «Іле-Балқаш» резерватына Бұқар бұғылары мен құландар қоныс аударылып, жабайы тұяқты жануарлардың санын көбейту шаралары жүргізіліп жатыр.
2026 жылғы қыркүйекте «Алтын-Емел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінен резерватқа 30 құлан жеткізілді.
Бұл жұмыс жолбарыстар үшін табиғи қорек қорын қалыптастыруға және өңірдің экологиялық жүйесін қалпына келтіруге бағытталған.
Жолбарыс қоректік тізбектің жоғарғы сатысында орналасқан жыртқыш болғандықтан, оның табиғатқа оралуы жабайы жануарлар арасындағы табиғи тепе-теңдікті қалпына келтіру бағдарламасымен тығыз байланысты.

Қазақстанға жолбарыстарды қайтаруға кімдер көмектесті?
Бағдарлама Қазақстан мен Ресейдің ынтымақтастығы аясында жүзеге асырылып жатыр. Оған мемлекеттік органдар, ғылыми мекемелер және халықаралық табиғат қорғау ұйымдары қатысады.
Ресейдің Табиғи ресурстар және экология министрлігі мен «Амур жолбарысы» орталығы жануарларды дайындау, Қазақстанға жеткізу және мамандар арасында тәжірибе алмасу жұмыстарына қатысты.
«Амур жолбарысы» орталығының бас директоры Сергей Арамилев екі елдің бірлескен жұмысының маңызын атап өтті.
«Қазақстан мен Ресейдің жолбарыстарды қайта жерсіндіру бағдарламасы аясындағы ынтымақтастығы сирек кездесетін осы түрді сақтау үшін ерекше маңызға ие. Жануарларды Қазақстанға беру ортақ бастаманы жүзеге асырудағы маңызды практикалық қадам болды. Біз бұл жұмысты табиғи мұраны сақтау және жолбарыстар популяциясын қалпына келтіру жолында екі елдің бірлесіп әрекет етуінің үлгісі ретінде қарастырамыз».
Бағдарламаға Freedom Holding Corp. халықаралық холдингі мен Freedom «Шапағат» корпоративтік қоры да қолдау көрсетті.
Қор қаражаты қазақстандық мамандарды Ресейде оқытуға, бейімдеу қоршауларын қосымша жабдықтауға және жолбарыстарды тасымалдауға жұмсалды.

Дүниежүзілік табиғат қоры (WWF) да ұзақ жылдар бойы Оңтүстік Балқаш өңіріндегі экожүйелерді қалпына келтіру жұмыстарына қатысып келеді.
2024 жылы Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен WWF International жолбарыстарды қайта жерсіндіру бағдарламасы бойынша ынтымақтастықты жалғастыру жөнінде меморандумға қол қойды.
Жолбарыстар адамдарға қауіп төндірмей ме?
Жыртқыштарды табиғатқа қайтару бағдарламасында жергілікті тұрғындардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінген.
Осы мақсатта адам мен жолбарыс арасындағы ықтимал қақтығыстардың алдын алатын арнайы топ құрылған.
Топ мүшелері жануарлардың қозғалысын бақылайды, тұрғындармен байланыс орнатады және күтпеген жағдайларға жедел әрекет етуге дайын болады.

Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Данияр Тұрғамбаевтың айтуынша, жолбарысты еркіндікке жібергеннен кейін де мамандардың бақылауы тоқтамайды.
«Әрбір жолбарысты табиғатқа жіберу – үлкен жауапкершілік. Біз ең алдымен жануардың жабайы табиғатта өздігінен тіршілік етуге дайын екеніне көз жеткізуіміз керек. Сондықтан мұндай шешім оның денсаулығы, мінез-құлқы мен аңшылық қабілеті жан-жақты бағаланғаннан кейін ғана қабылданады. Жолбарыс табиғатқа жіберілген соң да мамандардың жұмысы тоқтамайды. Біз олардың қозғалысын, жаңа ортаға бейімделуін тұрақты бақылауды жалғастырамыз».
«Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватының директоры Қанат Қожабеков те қауіпсіздік мәселесінің тұрақты назарда болатынын айтты.
«Жолбарыстарды табиғатқа қайтару тек оларды еркіндікке жіберумен аяқталмайды. Бұл – резерват қызметкерлерінің күнделікті еңбегі мен үлкен жауапкершілігін талап ететін жұмыс. Біз жануарлардың қозғалысын бақылап, мінез-құлқын зерттеуді, аумақтың қорғалуын қамтамасыз етуді және жергілікті тұрғындармен тығыз байланыста жұмыс істеуді жалғастырамыз. Біз үшін жолбарыстардың табиғи ортаға сәтті бейімделуімен қатар, адамдардың қауіпсіздігі де аса маңызды».

Қазақстанда жолбарыстар қайта көбейе ала ма?
Амурдың табиғатқа жіберілуі – бағдарламаның маңызды кезеңі. Енді Қазақстанның жабайы табиғатында екі ересек Амур жолбарысы еркін тіршілік етіп жатыр.
Алайда алдағы міндет әлдеқайда күрделі. Мамандар олардың жаңа мекенге толық бейімделуін, қорек табуын, аумақты игеруін және болашақта табиғи жолмен көбею мүмкіндігін бақылауы тиіс.
Бағдарламаның ұзақ мерзімді мақсаты – Іле өзенінің атырауы мен Оңтүстік Балқаш өңірінде адамның тұрақты көмегінсіз тіршілік ете алатын жолбарыстар популяциясын қалыптастыру.
Бұған дейін біз 70 жылдан астам уақыттан кейін Үміт есімді алғашқы жолбарыстың Қазақстанның жабайы табиғатына жіберілгені туралы жазған едік. Енді Амурдың еркіндікке шығуы осы тарихи бағдарламаның келесі кезеңін бастады.