Нур-Султан

+17

Алматы

+28

SSE 3566.65

FTSE 100 7107.27

Dow Jones 33874.25

KASE 3 348,78

Brent 74.58

WTI 72.39

Золото 24 453.95

PTC 1 660.50

USD 426.61

RUB 5.88

EUR 509.33

CNY 65.87

Қазақстан Парламентінің депутаттары ТМД ПА Кеңесінің отырысына қатысты

17 апреля 2021, 21:321651

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған Қазақстан Парламентінің депутаттары ТМД Парламентаралық Ассамблеясы Кеңесінің отырысына қатысты, - деп хабарлайды Деловой Казақстан.

Жиын Ресейдің Санкт-Петербург қаласында өтті. Іс-шара барысында қатысушылар – ТМД елдері ұлттық Парламенттерінің басшылары – Ассамблеяның қызметіне қатысты бірқатар мәселені, оның ішінде ұйымның 2020 жылғы жұмысының қорытындысын талқылады.

Күн тәртібінде ТМД Парламентаралық Ассамблеясынан келген халықаралық байқаушылардың биыл 10 қаңтарда өткен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының сайлауына жүргізген мониторингтің қорытындысы бойынша есебі де қаралды. Отырыста сөз сөйлеген Мәулен Әшімбаев ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезекті сайлауына халықаралық байқаушылар жібергені үшін ұйымға алғыс білдірді.

«Өткен сайлау Қазақстанда іске асырылып жатқан саяси реформалар аясында маңызды кезеңге айналды. Бұл жолы тек Парламент Мәжілісінің депутаттары ғана емес, сонымен бірге жергілікті өкілді органдар – мәслихаттардың да депутаттары партиялық тізіммен сайланды. Мемлекет басшысының бастамасымен алғаш рет партиялық тізімде әйелдер мен жастарға арналған 30 пайыздық квота қарастырылды. Мәжіліс қызметінде салмақты құқыққа ие болған парламенттік оппозиция институты заңмен бекітілді», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сенат Төрағасы алдағы уақытта да Мемлекет басшысының жаңғыру бағдарын іске асыру аясында Қазақстандағы саяси жүйені жетілдіру жұмыстары жалғаса беретінін тілге тиек етті.

«Жаңа шақырылымдағы Парламенттің алдында сөз сөйлеген Қазақстан Президенті өткен сайлаудың тәжірибесін ескере отырып, саяси партиялардың Мәжіліске өту шегін 7-ден 5 пайызға төмендетуді ұсынды. Мұндай қадам елдегі саяси бәсекелестіктің дамуына ықпал етері сөзсіз. Азаматтардың сайлау құқығын қорғауға тиісті жағдай жасау үшін барлық деңгейдегі сайлау бюллетендеріне «бәріне қарсымын» деген жазу енгізілетін болды», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар отырысқа қатысушылар Ассамблея жанындағы Экономика жөніндегі сараптамалық кеңестің жұмысын және Достастықтың 2030 жылға дейінгі экономикалық даму стратегиясын іске асыру міндеттерін талқылады.

ТМД елдері Парламенттерінің басшылары пандемиядан кейінгі кезеңде елдеріміздің экономикасын қалпына келтіруге осындай бірлескен жұмыстар тың серпін беретініне сенім білдірді.

Одан бөлек, Мәулен Әшімбаев Санкт-Петербургке жұмыс сапары барысында бірқатар екіжақты кездесулер өткізді.

Өзбекстан Олий Мажлис Сенатының Төрайымы Танзила Нарбаевамен кездесуде екі жақ Қазақстан-Өзбекстан қарым-қатынасын одан әрі дамыту мәселелерін сөз етті. Әріптестер Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылдың сәуір айында Өзбекстанға мемлекеттік сапары кезінде жасалған келісімдердің және Танзила Нарбаеваның 2019 жылғы қараша айында Қазақстанға ресми сапары кезінде қол қойылған Ынтымақтастықтың жол картасындағы тармақтардың барлығы дерлік іске асырылғанын ерекше екпінмен атап өтті. Сондай-ақ, Мәулен Әшімбаевтың биылғы жазға жоспарланған Өзбекстанға сапары да екі елдің ынтымақтастығын арттыруға өз септігін тигізетіні айтылды.

«Біздің мемлекеттеріміздің арасындағы тығыз, жан-жақты және өзара сенімге негізделген қарым-қатынас екі елдің ұлттық мүдделеріне толық сай келеді. Қазірдің өзінде екіжақты байланыс аясында көп шаруа атқарылды. Екі елдің Президенттері мемлекетаралық байланыстарымыздың ерекше қарқынмен дамуына бар жағдайды жасап келеді. Қазақстан Парламентінің Сенаты ынтымақтастықты әрі қарай арттыруға және бұл бағытта белсенді жұмыс жүргізуге дайын», – деді Мәулен Әшімбаев.

Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесінің Төрайымы Валентина Матвиенкомен кездесуде қатысушылар Қазақстан мен Ресей арасындағы парламентаралық ынтымақтастықтың даму деңгейіне жоғары берді және осы байланысты әрі қарай нығайтуға толық мүмкіндік бар екеніне назар аударды.

«Қазақстан мен Ресейдің мемлекетаралық ынтымақтастығында біздің парламентаралық байланысымыздың маңызы зор. Елдеріміздің өсіп-өркендеуі көп жағдайда тату көршілік, сындарлы және өзара тиімді қарым-қатынасқа байланысты», – деді Қазақстан Сенатының Спикері.

Бұдан басқа тараптар Қазақстан мен Ресейдің екіжақты күн тәртібіндегі бірқатар мәселеге көңіл бөлді.

Мәулен Әшімбаев пен Әзербайжан Республикасы Милли Меджлісінің Төрайымы Сахиба Гафарова кездесуінде елдеріміз арасындағы парламентаралық ынтымақтастық пен өзара тиімді қарым-қатынасты одан әрі нығайту мәселелері кеңінен сөз болды. Қазақстан делегациясының басшысы әріптесін Таулы Қарабақ қақтығысының аяқталуымен құттықтап, еліміздің аталған өңірдің инфрақұрылымын қалпына келтіруге қатысу ниетін тағы бір рет растады. Одан бөлек, екі тарап пандемиядан кейінгі кезеңде сауда-экономикалық ынтымақтастықты жандандыруға сенім білдірді.

Сондай-ақ, Мәулен Әшімбаев Армения Республикасы Ұлттық жиналысының Төрағасы Арарат Мирзоянмен екіжақты кездесу өткізді. Соның барысында елдеріміз арасындағы сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастар пандемияға қарамастан қарқынды дамып келе жатқаны айтылды.

2006 - 2021 © Ваша почта. 16+