Екі мәрте Кеңес Одағының батыры Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштері әскери институтын офицерлер бітіріп шықты, - деп хабарлайды Деловой Қазақстан.
Салтанатты шара Ақтөбе қаласындағы Тұңғыш Президент саябағында өтті. Дәстүр бойынша алаңға оқу орнының жауынгерлік туын «Сағадат» маршымен алып жүрді.
– Биыл оқу орында ұшқыш және инженер мамандығы бойынша 64 офицер білім алып шықты. Оның ішінде Қырғызстаннан келген 3 түлек бар. Мамандар жан-жақты даярлықтан өтті. Олар ұшақты басқарып, ұшу аппараттарының жүйелерін пайдалану негіздері мен әуеде ұрыс жүргізу тактикасын меңгерді, – деп атап өтті Әуе қорғанысы күштері Әскери институтының бастығы авиация генерал-майоры Дәурен Қосанов.
Салтанатты шараға Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Руслан Қамбаров қатысты. Ол шараға қатысушыларды айтулы мерекемен құттықтап, институттың үздік түлегі лейтенант Артем Немичке диплом табыс етті.
Дәстүр бойынша іс-шара алғашқы офицер вальсімен және «тиын жаудыру» салтанатты маршпен аяқталды.
– Оқу кезінде институт өз үйіміздей болды. Білім нәрімен сусындадық. Алайда, алған білім мұнымен тоқтап қалмайды деп ойлаймын. «Ұшқыш болу – ұдайы оқу мен алған біліміңді жетілдіру» деп үнемі оқытушыларымыз айтатын. Мен мамандығымды мақтан етемін, – деп өз әсерімен бөлісті лейтенант Алекс Жұмағұлов.
Әуе қорғанысы күштерінің Әскери институты 11 мамандық бойынша майдандық, әскери-көліктік, армиялық авиация ұшқыштары мен инженерлерін дайындайды. Осы уақытқа дейін қызмет еткен жылдары ЖОО-ның қабырғасын Қазақстанның әуе шебін қорғап жүрген үш мыңнан астам түлек бітіріп шықты.